Мәзір
Бүгін, 17:00 / BuginMedia / Жаңалықтар

Қонаевта спортшылар дауыс беру учаскесіне желкенді қайықпен келді

Алматы облысының Қонаев қаласында алты спортшы дауыс беру учаскесіне желкенді қайықпен жетті. Жаттықтырушысымен бірге келген спортшылар Қапшағай су қоймасын кесіп өтіп, №5 қалалық жағажайда орналасқан сайлау учаскесіне аялдады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қонаевта спортшылар дауыс беру учаскесіне желкенді қайықпен келді Қонаевта спортшылар дауыс беру учаскесіне желкенді қайықпен келді
видеодан алынды

Желкендеріне «Құрылтай – 23 тамыз» деген жазу ілген спортшылар су қоймасы арқылы қала жағажайына қарай бет алған. Бұл ерекше бастаманы Қонаевтағы желкенді спорт өкілдері Владимир Щанкин, Олег Куливацкий, Яна Белозерова, Берік Құбаев, Антон Гаас және Милана Мамедова жүзеге асырды.

Спортшылар жағаға жеткен соң сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады. Олардың айтуынша, бұл азаматтық ұстанымын білдірудің өзгеше тәсілі болған.

«Қапшағай су қоймасы туристер үшін тартымды аумақ ретінде жақсы таныс. Сонымен қатар бұл ашық суда жүзу жаттығуларын өткізуге және желкенді спортты дамытуға қолайлы орын. Бүгін біз жағажайға желкенді қайықпен жетіп, дауыс беруді осындай ерекше тәсілмен өткізуді ұйғардық. Осы арқылы адамдарға жарқын әсер мен жақсы көңіл-күй сыйлағымыз келді. Бұл – Қазақстан үшін маңызды күн. Осындай сәтте сырт қалуға болмайды», – деді Яна Белозерова.

Қонаевтағы желкенді спорттың тарихы жарты ғасырдан асады. Қалада бұл спорт түрінің дамуы 1974 жылы басталған. Содан бері жергілікті спортшылар облыс орталығы мен Қазақстанның намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғап келеді.

Тек биыл Қонаев спортшылары халықаралық турнирлерде 6 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған. Ал Орталық Азия чемпионатында олар тағы 11 жүлдеге ие болды. Оның ішінде 3 алтын, 1 күміс және 7 қола медаль бар.

Желмен жарысып, су айдынында сыналуға үйренген спортшылар бұл жолы сайлау учаскесіне ерекше бағытпен барды. Желкенді қайықтардың №5 қалалық жағажай маңында пайда болуы демалушылар мен Қонаев тұрғындарының назарын аударып, сайлау күнінің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2