Мәзір
Бүгін, 17:42 / BuginMedia / Жаңалықтар

Астана, Алматы және Петропавлда АИ-95 бензинін құйған көліктер бұзылып жатыр

Осы аптада қазақстандық автокөлік иелері жанармай құю бекеттерінде сатылатын отынның сапасына қатысты жаппай шағым айта бастады. Егер бұл шағымдар расталса, жанармай құю бекеттерінде ауқымды тексерулер жүргізіліп, айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz NBK-ға сілтеме жасап.

Астана, Алматы және Петропавлда АИ-95 бензинін құйған көліктер бұзылып жатыр Астана, Алматы және Петропавлда АИ-95 бензинін құйған көліктер бұзылып жатыр
Ашық дереккөз

Сапасыз бензин

Әлеуметтік желілерде жүргізушілер кейбір жанармай құю бекеттерінен көлікке бензин құйғаннан кейін қозғалтқышында ақау пайда болғанын айтып жатыр. Бұл әсіресе отын сапасына талғампаз шетелдік көліктерге қатысты. Audi, BMW, Porsche және басқа да маркалардың иелері жоғары октанды бензиннің орнына сапасы төмен отын құйылуы мүмкін екенін айтып, көліктерінің істен шыққанын хабарлаған.

NBK дереккөзінің мәліметінше, жүргізушілер АИ-98 және АИ-95 бензинін құйғаннан кейін қозғалтқышында ақау пайда болғанына байланысты сервистік орталықтарға жаппай жүгініп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, мұндай жағдайлар Астана, Алматы және Петропавлда тіркелген.

Тексеру жүргізіле ме?

Энергетика министрлігі NBK-ның сауалына берген жауабында Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары отынды Кеден одағының 013/2011 техникалық регламентінің талаптарына сәйкес өндіретінін хабарлады. Ішкі нарыққа мұнай өнімдері тұрақты жеткізіліп отыр.

Ал жанармай құю бекеттеріндегі отын сапасын бақылау Энергетика министрлігінің құзыретіне кірмейді. Бұл міндет Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне, сондай-ақ әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтарға жүктелген.

Сауда және интеграция министрлігі жүргізушілерден ресми шағым түскен жағдайда жанармай құю бекеттерінде тексеру жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Ол үшін Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаментіне өтініш беру қажет.

Жанармай құю бекеттеріндегі заңбұзушылықтар

Сауда және интеграция министрлігі жанармай құю бекеттерінде бензинді басқа октан санымен сату мәселесі бар екенін растады. Биыл жүргізілген бақылау сатып алулары кезінде әрбір 11-ші сынамада бензиннің октан саны мәлімделген көрсеткішке сәйкес келмеген.

Мәселен, Қызылорда облысында АИ-92 бензині АИ-95 ретінде, ал Алматыда АИ-100 бензині АИ-99 ретінде сатылғаны анықталған.

«Анықталған заңбұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Оның ішінде жалпы құны 5 млн 764,5 мың теңге болатын бензин партиясын сатуға тыйым салу туралы қаулы шығарылды», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Бұған дейін Қазақстанда бензин бағасының өсу қарқыны жеделдегені хабарланған. Шілдеде жанармай құю бекеттеріндегі отын бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға қымбаттаған.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2