Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Бокаевқа қатысты үкім шығарды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сот шешімі бойынша, Санжар Бокаевқа бұдан бөлек бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуге, пікірсайысқа қатысуға және түсініктеме беруге тыйым салынған.
Оның жиені Мадияр Калменов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал видеограф Ұлан Нүсіпқожа 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Бокаевқа қандай айып тағылды?
Санжар Бокаевқа Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған. Олар:
Алаяқтық;
Ақшаны жылыстату;
Ұрлық;
Көрінеу жалған ақпарат тарату;
Ағаштарды заңсыз кесу.
Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, Боқаев пен Мадияр Қалменов автокөлік шеруінің шығынын әдейі көбейтіп көрсетіп, кәсіподақтың 42 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген.
Сонымен қатар, тергеу нұсқасында Боқаев пен Ұлан Нүсіпқожа әлеуметтік желіге видео түсіру үшін Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің жағасынан гранит тақталарды әкетуді және Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді өздері ұйымдастырғаны айтылған.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Санжар Боқаевты 12 жылға, ал оның жиенін 7 жылға соттауды сұраған еді. Видеограф Ұлан Нүсіпқожаға 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды ұсынған.
Санжар Боқаев 2026 жылғы 18 наурыздан бері қамауда болған. Сот процесі 16 қазанда басталған.