Мәзір
Бүгін, 16:59 / BuginMedia / Білім

Қазақстанда 2-4 сынып оқушыларын бағалау жүйесі өзгереді: жаңа тәртіп қандай?

1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептеріндегі 2-4 сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібі өзгереді. Жаңа жүйеде баланың тоқсан бойындағы күнделікті еңбегіне көбірек мән беріледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Қазақстанда 2-4 сынып оқушыларын бағалау жүйесі өзгереді: жаңа тәртіп қандай? Қазақстанда 2-4 сынып оқушыларын бағалау жүйесі өзгереді: жаңа тәртіп қандай?
Фото Depositphotos.com

Министрлік бағалау жүйесін ата-аналардың өтініштері, мұғалімдердің ұсыныстары, оқушылардың білім нәтижелерін бақылау және зерттеу қорытындылары негізінде қайта қараған.

Формативті бағалаудың үлесі артады

Критериалды бағалау жүйесі сақталады. Бірінші сыныпта баға қойылмайды.

Ал 2-4 сыныптарда бұрынғы СОР және СОЧ жүйесінің орнына формативті және аралық бағалау енгізіледі.

Формативті бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі 25%-дан 50%-ға дейін артады. Ол 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі.

Бірақ оқушыға бір ғана тапсырманы дұрыс орындағаны үшін 10 балл қойылмайды. Мұғалім баланың сабақтың әр кезеңінде орындаған бірнеше тапсырмасының нәтижесін ескереді.

Сонымен қатар мұғалім әр пән бойынша тоқсан ішінде өткен сабақтардың кемінде 30%-ында оқушыға формативті баға қоюы керек.

Мысалы, тоқсан ішінде белгілі бір пәннен 30 сабақ өтсе, оқушы кемінде 9 сабақта формативті баға алуы тиіс. Мұғалім қажет болған жағдайда одан да жиі бағалай алады.

Аралық бағалау енгізіледі

Аралық бағалау әр оқу бөлімі аяқталғаннан кейін өткізіледі. Оның саны тоқсан ішінде қанша бөлім оқытылғанына байланысты болады.

Мысалы, бір тоқсанда үш бөлім болса, оқушы әр бөлім бойынша бір рет аралық бағалаудан өтеді.

Максималды балл:

2-сыныпта – 12 баллға дейін;

3-сыныпта – 14 баллға дейін;

4-сыныпта – 16 баллға дейін.

Нақты балл тапсырмалардың санына, мазмұны мен күрделілігіне қарай белгіленеді.

Тоқсандық ТЖБ болмайды

Жаңа жүйеде тоқсан соңында бұрынғыдай жиынтық бағалау жұмысы өткізілмейді.

Мысалы, бұрын математика пәнінен бір тоқсанда үш БЖБ  және бір ТЖБ орындайтын. Енді оқушы әр бөлім аяқталған сайын аралық бағалаудан өтеді, ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ  өткізілмейді.

Министрлік бұл өзгеріс оқушыға түсетін бағалау жүктемесін азайтады деп отыр. Мұғалімдер де ТЖБ тапсырмаларын дайындап, тексеруге уақыт жұмсамайды.

Тоқсандық баға қалай есептеледі?

Жаңа жүйеде тоқсандық баға екі көрсеткіштен құралады:

50% – формативті бағалау нәтижесі;

50% – аралық бағалау нәтижесі.

Яғни баланың күнделікті еңбегі мен оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі бірдей деңгейде ескеріледі.

Тапсырмалар да өзгереді

Жаңа бағалау кезінде оқушының тек жаттаған білімін емес, оны қалай қолданатыны да тексеріледі.

Тіл пәндерінде тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары бағаланады.

«Қазақ тілі» және «Орыс тілі» пәндерінде диктант пен оқылым сауаттылығына арналған тапсырмалар беріледі.

«Әдебиеттік оқу» пәнінде мазмұндама, шығарма және оқылым сауаттылығын тексеретін тапсырмалар қолданылады.

«Математика» пәнінде математикалық сауаттылыққа арналған тапсырмалары бар бақылау жұмысы өткізіледі.

Жазбаша жұмыстар дайын үлгі немесе жауап парағы бойынша емес, оқушының өз дәптерінде орындалады.

Жаратылыстану пәндерінде практикалық дағдылар ескеріледі

«Жаратылыстану» және «Дүниетану» пәндерінде оқушының тек теориялық білімі емес, зерттеу және практикалық дағдылары да бағаланады.

Ол үшін ауызша және жазбаша жұмыстармен қатар практикалық, зертханалық, жобалық және зерттеу тапсырмалары беріледі.

Бұрын бағаланбаған кей пәндер де бағаланады

«Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» пәндерінде де бағалау тәртібі өзгереді.

Бұл пәндер бойынша күнделікті формативті бағалау жүргізіледі. Ал аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі.

Бағалау кезінде пәннің ерекшелігіне қарай практикалық, шығармашылық, жобалық және зерттеу жұмыстары, сондай-ақ жеке және топтық тапсырмалар ескеріледі.

Мұғалімдерге модерация жүргізілмейді

Жаңа тәртіп бойынша бастауыш сынып мұғалімдері арасында бағалау нәтижелерін бірге қарау үшін жүргізілетін модерация болмайды.

Министрлік бұл мұғалімдердің жүктемесін азайтып, сабаққа және оқушылармен жұмысқа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді деп түсіндірді.

Ата-аналар баланың бағасын көре алады

Аралық бағалау нәтижелері электронды немесе қағаз журналға енгізіледі. Ата-аналар мен заңды өкілдер баланың нәтижелері туралы ақпаратты электронды немесе қағаз түрінде ала алады.

Егер оқушы денсаулығына байланысты немесе жарыс, олимпиада, байқау, конференция сияқты себептермен бағалауға қатыса алмаса, оған жұмысты кейін орындауға мүмкіндік беріледі.

Баланың жеке ерекшеліктері ескеріледі

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар үшін тапсырмаларды бейімдеуге болады. Мұғалім тапсырманың көлемін, формасын, орындау тәсілі мен уақытын баланың қажеттілігіне қарай өзгерте алады.

Егер оқушы басқа мектепке ауысса, оның формативті және аралық бағалау нәтижелері журналдан алынған үзіндіде көрсетіліп, жеке ісімен бірге жаңа мектебіне беріледі.

Министрліктің айтуынша, жаңа жүйенің негізгі мақсаты – баланың тек қанша ақпарат білетінін емес, сол білімді өмірде қалай қолдана алатынын бағалау.

Жаңа тәсіл арқылы оқушылардың оқу, жазу, математикалық, жаратылыстану және цифрлық сауаттылығын, сондай-ақ зерттеу, шығармашылық, практикалық және командалық дағдыларын дамыту көзделіп отыр.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2