Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдан қазақстандықтардың қаза тапқан-таппағанын және жарақат алған-алмағанын анықтап жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі зардап шеккендер арасында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтап жатыр.
Қаза тапқандар арасында шетел азаматтары бар
Жергілікті биліктің мәліметінше, қаза тапқандар арасында Сауд Арабиясы, Бангладеш, АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Судан азаматтары бар. Жараланғандардың кейбірінің жағдайы ауыр.
Әзірге зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары бар екені туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. «ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметтерді нақтылап жатыр.
Әуежайда не болды?
Еске салайық, Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға йемендік хуситтер шабуыл жасаған. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл – бір апта ішінде әуежайға жасалған үшінші шабуыл.
Оқиға Сауд Арабиясында соңғы он жылдан астам уақыт ішіндегі адам өлімі ең көп тіркелген шабуылдардың біріне айналды.
Куәгерлердің айтуынша, жарылыстан кейін әуежай ғимаратының ішінде жараланған адамдар болған. Жолаушылардың бірі әуеде ұшып бара жатқан белгісіз нысанды көргенін айтқан. Осыдан кейін ұшаққа отырғызу қақпасының маңындағы төбенің бір бөлігі құлаған.
Куәгерлердің мәліметінше, оқиға алдында қауіп туралы ескерту жүйесі іске қосылмаған.
Шабуылдан соң әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылып, бірқатар ұшақ басқа қалаларға бағытталды.
АҚШ хуситтерге қарсы соққы жасауы мүмкін
Сауд Арабиясы билігі шабуылға жауап беретінін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп та хуситтерге қарсы әскери операцияға америкалық күштердің қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Мүмкін. Біз бұл мәселені қарастырамыз. Соңғы шабуыл туралы жаңа ғана білдік, сондықтан тиісті шешім қабылдаймыз. Біз өте жылдам әрекет етеміз», – деді Трамп.
Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио әуежайға жасалған шабуылды айыптады.