Мәзір
Бүгін, 16:39 / BuginMedia / Экономика

Қазақстан Қашаған кен орнын игерген мұнай компанияларын пара алды деп айыптап, 160 млрд доллар талап етті

Қазақстан Қашаған кен орнын игеруге қатысқан халықаралық мұнай компанияларымен соттасып жатыр. Мемлекет консорциумның 2000 жылдары жасаған кейбір келісімшарттарында заң бұзушылықтар болғанын айтып, компанияларды сыбайлас жемқорлыққа жол берді және шығындарды әдейі көбейтті деп айыптап отыр, деп хабарлайды buginmedia.kz Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумының (ICIJ) мәліметтеріне сілтеме жасап.

Қазақстан Қашаған кен орнын игерген мұнай компанияларын пара алды деп айыптап, 160 млрд доллар талап етті Қазақстан Қашаған кен орнын игерген мұнай компанияларын пара алды деп айыптап, 160 млрд доллар талап етті
Фото: icij.org

Қазақстан тарапының мәліметінше, Қашаған жобасына қатысты шамамен 10 келісімшартқа сұрақ бар. Оларды кен орнын игерген консорциум халықаралық инженерлік және құрылыс компанияларымен жасаған. Бұл компаниялар Қашағандағы маңызды нысандарды салуға қатысқан.

Қазақстанның айтуынша, келісімшарттар жасалған кезде сыбайлас жемқорлыққа жол берілген болуы мүмкін. Сонымен қатар кейбір жұмыстардың құны әдейі қымбат көрсетілген және жобаны басқаруда тиімсіздік болған. Мемлекет мұның бәрі Қашағанда мұнай өндірудің бірнеше жылға кешігуіне себеп болды деп есептейді.

Бастапқы жоспар бойынша Қашағанда мұнай өндіру 2000 жылдардың ортасында басталуы керек еді. Алайда кен орнында толық көлемдегі өндіріс тек 2016 жылы іске қосылды.

Қазақстан тарапының пікірінше, өндірістің кеш басталуы елге миллиардтаған доллар табыстан қағылуға әкелген. Бұған қоса, мемлекет үшін тиімді саналатын мұнайдан түскен пайданы бөлу кезеңі де кейінге шегерілген.

Ал мұнай компаниялары осы уақыт ішінде кен орнын игеруге жұмсаған шығындарын өтеуді жалғастырған. Қолда бар есеп бойынша, Қашаған жобасына жұмсалған қаражат шамамен 60 млрд доллар болған. Дегенмен нақты сома әлі даулы.

Қазақстан 160 млрд доллар талап етіп отыр

Бұл дау Қазақстан мен Қашаған жобасының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) арасындағы ірі төрелік істің бір бөлігі.

Қазақстан тарапының жалпы талабы шамамен 160 млрд долларды құрайды. Мемлекет бұл соманың ішінде алынбай қалған пайданы және қоршаған ортаға келтірілген шығынды өтеуді де талап етіп отыр.

Іс Гаагадағы Тұрақты төрелік сотында қаралып жатыр. Әзірге сот Қазақстанның мұнай компанияларына қатысты сыбайлас жемқорлық туралы айыптауларына байланысты түпкілікті шешім шығарған жоқ.

ICIJ мәліметінше, Қазақстанның қазіргі талабы халықаралық төрелік даулардың ішіндегі ең ірі талаптардың бірі болуы мүмкін. Ол Ресейге қарсы «ЮКОС» ісіндегі 114 млрд долларлық талаптан да жоғары. Бұл іс бойынша төрелік сот Ресейге 50 млрд доллар төлеуді міндеттеген.

NCOC Қазақстанның талаптарымен келіспейді. Компания Қазақстан ұсынған дәлелдер жеткіліксіз деп санайды. Сонымен қатар талап қою мерзімі өтіп кеткенін алға тартады.

Қазақстанның дәлелдерінің бір бөлігі Италияда жүргізілген парақорлыққа қатысты тергеулерге негізделген. NCOC бұл материалдар мұнай компанияларының емес, Қазақстанның кейбір шенеуніктерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін екенін көрсетеді деп мәлімдеді.

Консорциум құрамындағы компаниялар өз әрекеттері келісімшарттарға, Қазақстан заңнамасына және мұнай-газ саласындағы талаптар мен стандарттарға сәйкес болғанын айтты. NCOC сот процесі құпия болғандықтан, бұдан әрі түсініктеме бермейтінін жеткізді.

Қашағанды қандай компаниялар игеріп жатыр?

Қашаған кен орнының операторы – NCOC. Консорциум құрамына:

KMG Kashagan B.V. – 16,877%;

Shell Kazakhstan Development B.V. – 16,807%;

Total E&P Kazakhstan – 16,807%;

AgipCaspian Sea B.V. – 16,807%;

ExxonMobil Kazakhstan Inc. – 16,807%;

CNPC Kazakhstan B.V. – 8,333%;

Inpex NorthCaspian Sea Ltd. – қалған үлесі кіреді.

Қазір Қашағанда тәулігіне шамамен 430–450 мың баррель мұнай өндіріледі. Бұл – Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі бойынша Теңізден кейінгі екінші ірі кен орны.

Қашаған – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдік компаниялармен бірге игерілген үш ірі мұнай-газ жобасының бірі. Қалған екеуі – Теңіз және Қарашығанақ.

Қашаған мұнайы Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) арқылы Ресей аумағымен Қара теңізге экспортталады.

Мұнайдан түсетін пайда қалай бөлінеді?

Қашаған жобасындағы жұмыс пен табысты бөлу тәртібі Өнімді бөлу туралы келісіммен реттеледі. Бұл жүйе бойынша мұнай компаниялары алдымен кен орнын игеруге жұмсаған ақшасын өндірілген мұнайды сату арқылы қайтарып алады. Содан кейін ғана қалған пайда мемлекет пен инвесторлар арасында бөлінеді.

Қазақстан тарапының айтуынша, Қашағандағы өндірістің кеш басталуы осы тиімді кезеңге өтуді де бірнеше жылға кейінге қалдырған. Осы уақыт ішінде компаниялар кен орнын игеруге кеткен шығындарын өтеуді жалғастырған.

Қазір Қазақстан осы шығындар мен жобаның кешігуіне байланысты мемлекет жоғалтқан табысты қайтаруды талап етіп отыр. Соңғы шешімді Гаагадағы төрелік сот шығарады.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2