Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа дейін осы жол учаскесінде бір көлік сиырды қағып кеткен. Ер адамдар жолдың үстінде жатқан малды алып кетуге тырысып жатқан кезде олардың бірін Toyota RAV4 көлігі қағып кеткен.
Telegram-дағы Halyqstan арнасының жазуынша, көлік жүргізушісі Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек басқарған болуы мүмкін.
Зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді
Жол апатынан 36 жастағы ер адам зардап шеккен. Ол бірнеше жарақат алып, аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Қазіргі таңда оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Полиция не деді?
Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апаты болғанын растады. Алайда ведомство оқиғаға қатысушылардың аты-жөнін жарияламаған.
«Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota маркалы автокөліктің жүргізушісі, азамат Б. жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен адам аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Әзірге Бақытжан Базарбектің өзі бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген жоқ.