Дереккөздердің бірінің мәліметінше, Ресейдегі сұйытылған мұнай газын өндіретін ең ірі кәсіпорын саналатын нысан жұмысы белгісіз мерзімге тоқтатылған. Қазір кәсіпорындағы залалдың көлемі мен оның өндіріс жұмысына әсері бағаланып жатыр.
Түмен облысының билігі дрон шабуылы салдарынан өнеркәсіптік нысандардың бірінде өрт болғанын растады. Алайда нақты қай кәсіпорын зардап шеккенін хабарламады. «Сибур» компаниясы Reuters агенттігінің түсініктеме беру туралы сауалына жауап бермеген.
Кәсіпорынның тоқтағанын жанама түрде Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасындағы сауда нәтижелері де көрсеткен. Сейсенбі күні Тобольскіден жөнелтуге арналған сұйытылған мұнай газының ешқандай көлемі сатылымға шығарылмаған.
Биыл бұған дейін Тобольскідегі пункттен тәулігіне шамамен 4 мың тонна техникалық пропан-бутан қоспасы тұрақты түрде сатылып келген.
Салалық деректерге сәйкес, «Запсибнефтехим» жылына шамамен 6 млн тонна сұйытылған мұнай газын өндіреді. Бұл Ресейдегі осы өнім өндірісінің шамамен 40 пайызына тең.
Нарық қатысушыларының айтуынша, кәсіпорында өндірілетін сұйытылған мұнай газының шамамен жартысы Тобольскідегі «Сибур» мұнай-химия кешенінде шикізат ретінде пайдаланылады.