Мәзір
Бүгін, 12:55 / BuginMedia / Әлеумет

Отбасы банктің қызметкерлері тұрғын үй кезегін сатқан

«Отбасы банк» 2025 жылғы есебінде қызметкерлеріне қатысты анықталған бірнеше сыбайлас жемқорлық фактісін жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Отбасы банктің қызметкерлері тұрғын үй кезегін сатқан Отбасы банктің қызметкерлері тұрғын үй кезегін сатқан
Ашық дереккөз

Банк мәліметінше, кейбір қызметкерлер клиенттерге, риелторларға, жеке сот орындаушылары мен нотариустарға қатысты мәселелерді шешуге көмектесу, сондай-ақ тұрғын үй кезегіндегі орынды жылжыту үшін заңсыз сыйақы алған.

Сонымен қатар филиалдардың бірінде қызмет еткен маман клиенттердің несие алуға мүмкіндігін растау үшін жалған табыс туралы құжаттар жасап, оларды несие рәсімдеуге қажетті құжаттарға тіркеген.

Аталған қызметкерлердің барлығымен жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарттары бұзылған. Банк анықталған фактілер бойынша құқық қорғау органдарына жүгінген. Қазір бірнеше іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Банк қызметкерлерін оқытуға мән берген

«Отбасы банк» сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Банк қызметкерлеріне арналған арнайы саясат пен ішкі ережелер енгізілген. Сонымен қатар тұрақты түрде оқыту және білім деңгейін тексеру жүргізіледі.

2025 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқудан банктің орталық аппараты мен филиалдарында жұмыс істейтін 1183 кеңесші және 1506 басқа қызметкер өткен.

Банк қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық фактілері белгілі болған жағдайда бұл туралы басшылыққа, қауіпсіздік қызметіне немесе сенім телефоны арқылы хабарлау міндеті жүктелген. Мұндай ақпаратты әдейі жасырғаны үшін қызметкердің жеке жауапкершілігі қарастырылған.

Тұрғын үй кезегіне де талдау жүргізілді

2025 жылы банк Бірінші баспанамен қамтамасыз ету орталығының жұмысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіп, ішкі тәуекелдерге талдау жасаған.

Тексеру барысында бірыңғай республикалық электронды кезекте тұрған азаматтардың деректері және «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» базасын қалыптастыру мен жүргізу процестері қаралған.

Талдау нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын себептер мен факторларды жоюға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленді.

Банк есеп пен тиісті жоспарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолдап, өз интернет-ресурсында жариялаған.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2