Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иран мен Оман бұғаз арқылы теңіз тасымалын қалпына келтіруге бағытталған келісімді аяқтауға жақындаған. Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Оманмен «жаңа теңіз бағыттарын» ашу жөніндегі келіссөздер соңғы кезеңге жеткенін мәлімдеді. Дегенмен оның айтуынша, бұл Ормұз бұғазының автоматты түрде толық ашылатынын білдірмейді.
Тегеран Вашингтоннан Иран порттарына қатысты теңіз блокадасын алып тастауды, санкцияларды тоқтатуды, бұғатталған ирандық активтерді босатуды және әскери қақтығыс кезінде келтірілген шығынды өтеуді талап етіп отыр. Бұдан бөлек, Иран АҚШ-тың аймақтағы әскери әрекеттеріне қатысты қосымша қауіпсіздік кепілдіктерін сұраған.
Оманмен талқыланып жатқан уақытша тетікке сәйкес, кемелер Ормұз бұғазына Иран жағынан кіріп, Оман аумағы арқылы шығуы мүмкін. Өтпелі кезеңде кемелерден арнайы алым алынбауы да қарастырылып отыр. Алайда тараптар арасындағы келісімнің түпкілікті шарттары әлі нақтыланған жоқ және өзгеруі мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен байланыстардың толық үзілмегенін айтып, тараптар арасында жанама келіссөздер жалғасып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен Вашингтон Тегеранның жаңа талаптарына әзірге ресми түрде нақты жауап берген жоқ.