10 тамызда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Кей өңірлерде аптап ыстық сақталса, бірқатар облыста найзағай, бұршақ, шквал және қатты жел күтіледі.
Ең жоғары температура Қызылорда облысында болжанып отыр. Мұнда ауа +40...+43°C-қа дейін қызады. Қызылорда қаласында күндіз +40...+41°C болады.
Түркістан облысында +40...+41°C, Түркістан қаласында +40°C ыстық күтіледі. Жамбыл облысында ауа температурасы +38...+40°C, Таразда шамамен +38°C болады.
Атырау облысында +36...+39°C, ал Атырау қаласында +37...+39°C аралығында ыстық болады. Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында ауа температурасы +35...+38°C-қа жетеді. Алматы мен Астанада күндіз шамамен +35°C болады.
Сонымен бірге бірқатар өңірде найзағайлы жаңбыр жауып, бұршақ пен шквал болуы мүмкін. Алматыда, Іле Алатауының тауларында, Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Кешке қарай қатты жаңбыр, бұршақ және шквал болуы ықтимал.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында да жаңбыр мен найзағай болжанған. Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының кей жерлерінде де жаңбыр, бұршақ және шквал күтіледі.
Жел де күшейеді. Жетісу облысындағы Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Бірқатар облыста жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Бұдан бөлек, елдің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Қызылорда, Түркістан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Ұлытау облысында өрт қаупі жоғары.