Рахат Сәрсенов бірнеше жыл бойы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы «Тайбурыл» шаруа қожалығында жылқышы болып еңбек еткен. Оның есімі 2019–2024 жылдар аралығында жоғалған жылқыларға байланысты қозғалған азаматтық және қылмыстық істерде аталды.
Сот материалдарына сәйкес, 2018 жылы шаруашылықтан 60 бас жылқы жоғалып, келтірілген шығын 10 миллион теңге деп бағаланған. Кейін шаруа қожалығының иесі Тәжіғали Елеуов пен Рахат Сәрсенов шығынды өтеу туралы келісім жасап, жылқышының Мұғалжар ауданындағы Сағашилі ауылында орналасқан жалғыз үйі кепілге қойылған.
Биыл сәуірде азаматтық іс бойынша сот Тәжіғали Елеуовтің пайдасына 10 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. Соның салдарынан Сәрсеновтің жалғыз баспанасы әлі күнге дейін кепілде тұр.
Бұдан бөлек, Рахат Сәрсеновке 2019–2024 жылдары 39 бас жылқыны жымқырды деген айып тағылды. Мұғалжар аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған және шаруа қожалығы иесінің пайдасына 30 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарған.
Алайда Сәрсенов өзіне тағылған айыптарды толық мойындамай, жоғалған жылқылар туралы білмегенін және малды түгендеуге қатыспағанын айтқан.
30 шілдеде Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымды қарап, оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 189-бабының 1-бөлігіне қайта саралады. Нәтижесінде 7 жылдық бас бостандығынан айыру жазасы 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Кейін Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза тағы 3 айға қысқартылды.
Сот процесінен кейін Рахат Сәрсеновтің жағдайы қоғам назарын аударды. Оның ауылдағы жалғыз үйі 10 миллион теңге қарыздың кепілінде қалғаны белгілі болған соң, ақтөбелік кәсіпкерлер оған пәтер сыйлау туралы шешім қабылдаған.
Кеше Рахат Сәрсеновке жаңа баспананың кілті табысталды.
– Рахат Сәрсеновтің тағдыры көпшіліктің жүрегіне әсер етті. Қиын жағдайға тап болған адамның жанайқайына бейжай қарау мүмкін емес еді. Әсіресе, Рахат ағаның инсульт алғанын естігенде, марқұм әкем есіме түсті. Сол сәтте бұл жағдайға сырттай қарап отыра алмайтынымды түсіндім. Сондықтан біз сөзбен емес, іспен қолдау көрсетуді жөн көрдік. VD Stroy-Engineering және Baisanat компаниялары бірлесіп, Рахат ағаға пәтер сыйлау туралы шешім қабылдады. Өмірдің бейнетін жеткілікті көрген ағамыз, енді тек зейнетін көріп, шаңырағында береке мен бақыт кетпесін. Алпыс жасқа толғанын ескеріп, ағамыздың иығына шапан да жаптық. Біз бұл істі жариялау үшін емес, адамға қолдау көрсету үшін бардық. Өзгенің қайғысына бейжай қарамай, қол ұшын соза білсек, бір ғана игі іс бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін. Барша халықтың атынан Рахат ағаны жаңа баспанасымен құттықтадық. Жаңа шаңырағында құт-береке, шаттық кетпесін деп тіледік, – деді кәсіпкер Азамат Усимбеков.