Мәзір
Бүгін, 11:30 / BuginMedia / Жаңалықтар

Түркістан облысында ер адамды бес баласының көзінше өлтіріп кеткен

Түркістан облысында адам өлімімен аяқталған тағы бір қанды оқиға болды. Көшенің ортасында пышақ жарақатын алған бес баланың әкесі көз жұмды. Марқұмның туыстарының айтуынша, 32 жастағы Маханбет Тұрғанбекті өзімен бір ауылда тұратын азаматтар өлтірген. Олардың сөзінше, қайғылы оқиғаға он күн өтсе де, қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінгендердің барлығы жауапқа тартылмаған, деп хабарлайды buginmedia.kz ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысында ер адамды бес баласының көзінше өлтіріп кеткен Түркістан облысында ер адамды бес баласының көзінше өлтіріп кеткен
Фото: Ulysmedia.kz

Шұқырбұлақ ауылында болған қанды оқиғадан кейін Маханбет Тұрғанбектің отбасы үшін әр күн азаппен өтіп жатыр. Марқұмның жары Индира Көлбай сол түні болған жағдайды еске алу қиын екенін айтады. Оның сөзінше, күйеуін досы үйден алып кеткеннен кейін көп ұзамай қайғылы хабар жеткен.

– Денесіне адам қарайтындай күйде болған жоқ. Басының бәрін жарып тастаған. Аяқ-қолының саусақтарының барлығы ісініп, көтеріліп, ісіп кеткен. Қолында екі жерінен пышақпен жарақат салынған, – дейді марқұмның әйелі Индира Көлбай.

Оның айтуынша, Маханбеттің мойнына да пышақ сұғылған.

– Кеңірдектің үстіңгі жағынан да пышақ сұғылған. Сосын арқа тұста пышақты көрмедім. Бірақ су болып атқылап жатты қан, – дейді ол.

БАЛАЛАРЫ ДА КӨРГЕН

Индира Көлбай жолдасының соңғы сәтін балалары да көргенін айтады.

– Менің күйеуім жанталасқан мойнындағы қанын ұстап. Қайта-қайта қанын сүртіп, кері қарай шегініп барып құлайды. Сол құлағанын бес бала да өз көзімен көріп, парктен шығып кетіп қалады, – дейді марқұмның жары.

Марқұмның отбасының айтуынша, оқиға сәті көше бойындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жазбада бірнеше адамның ер адамды ұрып-соғып, жерге құлатқаны көрінеді дейді туыстары.

Маханбеттің анасы Пакзат Алтынбекова ұлының өліміне кінәлілер толық жазасын алуы керек деп есептейді.

– Менің балам жер қойнауында, қара жерде жатыр. Қалғандарының барлығы үйлерінде тамақ ішіп, ойнап-күліп жүр. Менің балам қара жерде жатыр. Бес баласы қалды артында. 40-нан шықпаған баласы бар, – дейді ол.

Марқұмның анасы кей күдіктілердің бос жүргеніне наразы.

– Бір баланы Шымкентке уақытша ұстау изоляторына әкетті дейді. Тапсырыспен жасалған өлім бұл жерде. Тапсырыс берген баланы босатып жіберген. Ол үйінде жатыр тамақ ішіп, жылы төсекте. Менің балам қара жерде жатыр, – дейді Пакзат Алтынбекова.

Ол күдіктілердің әрекеті үшін жауап беруін талап етеді.

– Иығынан басып, жанталасып қашып жатқанда құлатқан. Неге сол балалар жазаланбайды? Неге олар босатылады? – дейді марқұмның анасы.

Маханбет Тұрғанбек вахталық әдіспен жұмыс істеген. Туыстарының айтуынша, ол оқиғадан кейінгі күні жұмысқа шығуы керек болған. Артында бес баласы қалды.

Оқиғаға қатысты Түркістан облысының полиция департаментіне сауал жолданды. Ведомство әзірше жауап берген жоқ.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2