Мәзір
Бүгін, 12:05 / BuginMedia / Жаңалықтар

КҚК терминалындағы екі танкерге тағы да дрон шабуыл жасады: бірінде өрт шықты

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында 30 шілдеге қараған түні тағы да ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы тіркелді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

КҚК терминалындағы екі танкерге тағы да дрон шабуыл жасады: бірінде өрт шықты КҚК терминалындағы екі танкерге тағы да дрон шабуыл жасады: бірінде өрт шықты
Фото: КҚК

Консорциумның баспасөз қызметінің мәліметінше, шабуыл Маршалл аралдарының туы астында жүзетін NISSOS SIFNOS танкеріне жасалған. Кеменің жүк жөнелтушісі – «Теңізшевройл» ЖШС («Chevron» компаниясы).

Оқиға кезінде танкер КҚК-ның ВПУ-3 сыртқы айлақ құрылғысында мұнай тиеп тұрған. Шабуыл салдарынан танкердің жүк палубасында өрт шыққан. КҚК мәліметінше, экипаж өртті консорциумның үш көмекші кемесінің қатысуымен сөндірген.

Консорциумның хабарлауынша, оқиғадан КҚК қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың жұмысшылары зардап шеккен жоқ. Мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген. Сондай-ақ танкер экипажына медициналық көмек көрсету немесе оларды эвакуациялау қажеттілігі туындамаған.

Танкер жүзу қабілетін сақтап қалған. Қазір мамандар келтірілген зақым көлемін бағалап жатыр. Мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылғанымен, мұнай құбыры жүйесінің қалған нысандары штатты режимде жұмысын жалғастыруда.

Сол түні Мэн аралының туымен жүзетін MARATHI танкері де шабуылға ұшырады. Ол КҚК-дан мұнай тиеу үшін теңіз терминалына бет алған және шабуыл кезінде терминалдан шамамен алты теңіз милі қашықтықтағы аумақтық суда болған.

КҚК баспасөз қызметі бұл шабуылдарды Қазақстан мен консорциумның шетелдік акционерлерінің халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына күш қолданбау туралы бірнеше мәрте жасаған үндеулерін елемеу деп бағалады.

Консорциумның мәлімдеуінше, мұндай әрекеттер жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіріп, энергия ресурстарының халықаралық саудасының үздіксіз жұмыс істеуіне қауіп келтіреді. Сонымен қатар Қазақстанның, КҚК-ның батыстық акционерлерінің және жүк жөнелтуші компаниялардың экономикалық мүдделеріне елеулі шығын келтіреді. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Eni, TotalEnergies және Shell бар.

КҚК сондай-ақ мұндай шабуылдар халықаралық экипаждардың өміріне қауіп төндіріп, Қара теңіз акваториясында экологиялық апат қаупін арттыратынын атап өтті. Консорциумның мәліметінше, егер соққы мұнай тиеу құрылғыларына тікелей тиген жағдайда, салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2