Бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады. Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың ақпан айында сот Мырзахметовке тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы шешім қабылдаған.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушының бір жылдан сәл асатын өтелмеген жаза мерзімі тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауға ауыстырылған.
Пробациялық бақылау кезеңінде Абылай Мырзахметовке тұрғылықты жерін өзгертуге, пробация қызметін хабардар етпей өңірден тыс жерге шығуға және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған.
ҚАЖ департаментінің мәліметінше, Абылай Мырзахметов жазасын өтеу барысында төрт мәрте көтермелеуге ие болған. Соңғы көтермелеу 2025 жылдың қазан айында берілген.
Ведомствоның хабарлауынша, оның мінез-құлқының екінші оң дәрежеге бағалануы және жеңілдетілген жағдайда ұсталуы жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтініш жасауға мүмкіндік берген.
«Мінез-құлқының екінші оң дәрежесі және жеңілдетілген жағдайда ұсталуы сотталғанға жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы өтінішхат беруге құқық берді. Сотталған осы мүмкіндікті пайдаланды», – делінген Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің хабарламасында.
Абылай Мырзахметов жазасын Павлодар облысындағы №46 мекемеде өтеген. Жаза өтеу барысында ол тігін өндірісін ұйымдастыру жұмыстарына қатысқан.
Оған қатысты үкім 2024 жылдың мамыр айында шығарылды. Сот оны аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ одан 5,8 млрд теңге көлеміндегі мүлкі тәркіленді.
Сот барысында анықталғандай, Мырзахметов Талғат Боранбаевты алдап, оның ағасы Қайрат Боранбаевты қамаудан босатуға ықпал етемін деп ақша алған.
Сот процесінде Абылай Мырзахметов өз кінәсін толық мойындап, соттан өзіне әділ жаза тағайындауды сұраған.