Шахматшы Telegram-арнасында 2022–2025 жылдары түсірілген фотоларын жариялап, сол уақыттан бері екеуінің де айтарлықтай есейгенін атап өтті.
«Галереяны тазалап отырып, ностальгияға берілдім. Сол кезден бері екеуміз де қатты өзгердік. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар – бір-бірімізді қолдап, турнирлерде көмектесіп, бірге өсіп келеміз», – деп жазды ол.
Бибісараның айтуынша, олардың 2021 жылғы суреттері де болған, алайда олар смартфонынан өшіп кеткен.
«Ол кезде біз әлі бала едік. Достығымыз басталғанда менің рейтингім шамамен 2370, ал Жавохирдің рейтингі 2550 болатын. Содан бері бес жылдан астам уақыт өткеніне сену қиын», – деді шахматшы.
Ол сондай-ақ әлеуметтік желіде тараған түрлі болжамдарға да пікір білдірді.
«Қазір екеуміз де әлемнің үздік бес шахматшысының қатарындамыз. Сондықтан "олар Әлем кубогындағы жеңістен кейін ғана араласа бастады" деген пікірлерді оқу күлкілі», – деді Асаубаева.
Шахматшы Жавохир Синдаровпен бірге түскен суреттеріне «besties» («жан достар») деген жазу қалдырып, оған шексіздік пен көз тимесін деген белгілерді қосқан.
Қазіргі уақытта Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров АҚШ-тың Майами қаласында жүр.
Еске салайық, шілде айының ортасында қос шахматшы FIDE сыйлығына ұсынылған болатын.