Жергілікті пабликтердің мәліметінше, 2004 жылы туған Айқын Мархан Өскемендегі №27943 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткерген.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, 23 шілде күні таңғы сағат 06:30 шамасында ол зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасында тәуліктік кезекшілікте болған. Осыдан кейін сарбаз әскери бөлімнің аумағынан өз еркімен шығып кетіп, белгісіз бағытқа бет алған. Содан бері оның қайда екені белгісіз.
Іздестіріліп жатқан әскери қызметшінің бойы – 177 сантиметр, салмағы шамамен 80 келі. Шашы қысқа, қара түсті, көзі қара, бетінде меңдері бар.
Алдын ала мәлімет бойынша, жоғалған кезде оның үстінде әскери дала киімі болған. Алайда кейін азаматтық киімге ауысуы мүмкін екені де айтылып отыр.
Қазіргі уақытта әскери қызметшінің жоғалуына байланысты іздестіру шаралары жалғасуда. Құзырлы органдар оның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды хабарласуға шақырды.