Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облысындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады.
Алайда ведомство қылмыстық іс нақты қай бап бойынша тергеліп жатқанын жариялаған жоқ.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді ҰҚК informburo.kz сауалына берген жауабында.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі әрі заңгер Бауыржан Ахметжан әлеуметтік желідегі парақшасында ректордың қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, оқу орны басшысының жұмыс кабинетінде тінту жүргізілген.
Әзірге құқық қорғау органдары іс бойынша өзге мәліметтерді жариялаған жоқ.