Бұл туралы республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бауыржан Ахметжан Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тергеп жатыр.
«Махамбет Өтемісұлы атындағы университетте қызмет атқаратын қызметкерлердің хабарлауы бойынша, бүгін университет ректоры Сергалиев Нурлан Хабибуллович лауазымдық міндетін асыра пайдалану фактісі бойынша ұсталып, жұмыс орны бойынша тінту жұмыстары жүргізілуде», – деп жазды Бауыржан Ахметжан.
Ол өз жазбасында сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл мәселемен тек қылмыстық қудалау арқылы күресу жеткіліксіз екенін айтты.
«Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың табиғаты жан-жақты зерттелмейінше, қоғамның қолдауы күшеймейінше, азаматтардың саяси өмірге қатысуы артпайынша, бюджет шығындары толық цифрлық платформаларға көшірілмейінше және ақпараттық жүйелер мен заңнама жетілдірілмейінше, жемқорлыққа қарсы күрес нәтижесіз бола береді», – деді ол.
Бауыржан Ахметжан қылмыстық іс бойынша қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.
Серғалиев БҚУ ректоры қызметіне 2018 жылғы 21 мамырда тағайындалған. Ол университетті алты жылдан бері басқарып келеді. 2014–2017 жылдары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің (БҚАТУ) ректоры болған.
Нұрлан Серғалиев – 2023 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.
Әзірге құқық қорғау органдары Нұрлан Серғалиевтің ұсталғанына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.