16 жыл бойы емі жоқ науқастармен жұмыс істеп келе жатқан хоспис қызметкері Джули Макфадденнің айтуынша, адам өмірінің соңғы кезеңіне жақындағанда ағзасында бірқатар табиғи өзгерістер байқалады.
Оның сөзінше, өлім алдында адам көп уақытын ұйқымен өткізеді.
«Науқас тамақ ішуді және су ішуді тоқтатады, тәулігіне 16–18 сағатқа дейін ұйықтайды. Уақыт өте келе оның физикалық мүмкіндіктері әлсіреп, сөйлесу де қиындай түседі», – дейді Джули.
Маманның айтуынша, адамдардың көпшілігі өлімнің өзінен емес, оған алып келген аурудан зардап шегеді. Ал соңғы сағаттарда көптеген науқастың жағдайы біршама жеңілдейді.
«Науқас белсенді өлім кезеңіне өтеді. Бұл бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Осы уақытта адам ес-түссіз жатады, оянбайды. Тыныс алуы мен терісінің түсі өзгереді, көзі мен аузы көбіне ашық қалады, өйткені бұлшықеттер толық босаңсиды. Мұны көрген туыстары науқас қиналып жатыр деп ойлайды. Алайда тәжірибелі медицина қызметкерлері адамның қиналып жатқанын немесе жайлы күйде екенін ажырата алады. Егер ол тыныш ұйықтап жатқандай көрінсе, бұл қалыпты жағдай», – дейді ол.
Джулидің түсіндіруінше, науқас тамақ пен судан бас тартқаннан кейін ағза кетоз күйіне көшіп, эндорфиндер бөледі. Бұл табиғи түрде ауырсыну сезімін бәсеңдетіп, адамның өзін жайлырақ сезінуіне ықпал етеді.
Сондай-ақ хоспис қызметкері көптеген науқастың өмірінің соңғы күндерінде ерекше түстер немесе көріністер көретінін айтты.
«Олар өмірден өткен туыстарын, жақындарын немесе үй жануарларын көреді. Кейде мұндай көріністер түсінде емес, ояу кезінде болады. Науқастардың айтуынша, олардан "Жақында сені алып кетуге келемін, ештеңеден қорықпа" деген сөздерді естиді. Бұл қорқынышты көрінгенімен, мұндай жағдайлардан кейін адамдар тынышталып, жан тыныштығын сезіне бастайды. Мен мұндай құбылыстан кейін өлімді сабырмен қабылдаған көптеген науқасты көрдім», – дейді Джули.
Джули Макфадденнің айтуынша, өзі өлімнен кейінгі өмірдің бар екеніне сенеді, сондықтан өлімнен қорықпайды. Дегенмен егер өзіне жазылмайтын дерт диагнозы қойылса, кез келген адам сияқты қорқыныш, ашу, қайғы секілді сезімдерді бастан өткеретінін жасырмады.