Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың күзінде құқық қорғау органдарына әйел адам жүгініп, күйеуінің із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер жоғалған азаматтың екі танысына күдік келтірген.
Күдіктілердің бірінің үйіне жүргізілген тінту кезінде қылмысқа қатысты айғақтар табылып, мұздатқыш камерадан адамның басы анықталған. Белгілі болғандай, қаза тапқан азамат Хромтау қаласының тұрғыны болған және із-түзсіз жоғалғандар қатарында іздестіріліп жүрген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адамдар бірге алкоголь ішіп отырған кезде араларында жанжал туындаған. Соның салдарынан жәбірленуші көз жұмған. Кейін оның денесі бөлшектеліп, дене бөліктері қала сыртына шығарылған. Ал күдіктілердің бірі адамның басын мұздатқышта сақтаған.
Сот үкімімен негізгі айыпталушы адам өлтіргені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Екінші айыпталушыға аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.