Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың болжамды жетекшісі Асылбек Зүлкашев болған. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол 2023 жылы колонияға этаппен жеткізілгеннен кейін өз ықпалын күшейтіп, қылмыстық иерархия құрған.
Прокурор Дина Изтлеуованың сотта оқыған айыптау актісіне сәйкес, Зүлкашев өзін бас «қараушы» етіп белгілеп, өзге сотталғандардың арасында міндеттерді бөліп, тұрақты жұмыс істейтін ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Сол жылы түзеу мекемесіне Ибраев, Сарбасов, Мұқашев, Сүйеу және Бегалиев жеткізіліп, кейін олардың әрқайсысына белгілі бір рөл жүктелген.
Айыптау нұсқасы бойынша, екі айыпталушы өндірістік аймақ пен сәлемдемелерді бақылап, негізгі қаржы ағындарын басқарған. Қалған үшеуі күш көрсету мен қысым жасауға жауап берген. Тергеу мәліметінше, заңсыз жолмен алынған қаражат сотталғандардың туыстарының банк карталарына аударылып отырған. Қылмыстық іс тоғыз эпизодтан тұрады.
Тергеу материалдарына сәйкес, алғашқы жәбірленушілердің бірі колонияға жаңадан келген сотталған болған. Оның анасының дүкені бар екенін білген күдіктілер ақша талап етіп, бас тартқан жағдайда соққыға жығамыз және азаптаймыз деп қорқытқан. Соның салдарынан анасы ұлына шамамен 1,5 миллион теңге аударған. Бұдан бөлек, сотталғанды несиеге кондиционер мен iPhone 15 рәсімдеуге мәжбүрлеп, кейін оларды сатып жіберген. Тергеу дерегінше, үздіксіз қысым салдарынан ер адам бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болған.
Тағы бір сотталғанға үйін сатқаннан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға көмектесеміз деп уәде беріп, 1,1 миллион теңге алған. Кейін одан әрі де ақша бопсалап, өзіне және туыстарына күш қолданамыз деп қорқытқан. Нәтижесінде ол шамамен 6 миллион теңгесінен айырылған.
Айыптау актісінде жәбірленуші прокуратураға шағымданғаннан кейін оны арызын қайтарып алуға мәжбүрлегені және шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы қолдан жасалған сот қаулысын көрсеткені де айтылған.
Сондай-ақ тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушылар ақпарат жеткізді деп күдіктенген сотталғандарды ұрып-соғып, интернетте жалған хабарландырулар жариялау арқылы қарапайым қазақстандықтарды да алдаған.
Бұл іске қатысты тек сотталғандар ғана емес, колонияның бұрынғы қызметкерлеріне қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу олардың әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан қылмыстық схеманың түзеу мекемесінде ұзақ уақыт жұмыс істеуіне мүмкіндік туған болуы мүмкін деп есептейді.
Айта кетейік, бұл деректер мемлекеттік айыптау актісінде келтірілген. Айыпталушылардың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін дәлелденген болып саналмайды.