69 жастағы кәсіпкер Тәжіғали Елеуов әлеусеттік желіде осы оқиғаға қатысты өз ойын айтты. Оның айтуынша, Рахат Сәрсеновті кезінде өзі малшы ретінде жұмысқа қабылдаған. Ол бұрынғы қызметкерінің ішімдікке әуес болғанын және бірнеше бас жылқының жоғалуына көз жұма қарағанын айтты.
Алайда кәсіпкердің сөзінше, кейін ірі көлемде мал жоғалып, оған қатысы бар деген күдікпен қылмыстық топтың бір мүшесі оның жылқысын сатып жатқан жерінде ұсталған. Қазір ол адам сот үкімімен бас бостандығынан айырылған. Елеуов жоғалған малы үшін жауапты адамнан өтемақы талап етуін заңды деп санайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ кәсіпкер бұрынғы малшысына жылдар бойы қолдау көрсеткенін алға тартты.
«Мені танымайтындарға реніш білдірмеймін. Бірақ өмір бойы менің малымды жеп, 40 жас тойын жасап, төрт баласын үйлендіріп, барлық шығынын көтеріп, екеуін түрмеден құтқарып алған адамға жасаған жақсылығымды түсінбесе, оған не айтасың? Баршаңызға амандық тілеймін. Мұндай жағдай ешкімнің басына түспесін», – деді ол.
Елеуов өзіне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарсы тұру қиын екенін айтып, блогерлердің жарияланымдары оның ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселемен енді заңгерлері айналысады.