Оған ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған:
189-бап – «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету»;
214-бап – «Заңсыз кәсіпкерлік»;
274-бап – «Көрінеу жалған ақпарат тарату және ұрлау».
Сот анықтағандай, 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы желтоқсан аралығында Бажкенова «О» ЖШС басшысы қызметін атқара отырып, өзінің лауазымдық жағдайын пайдаланып, компания шоттарынан 88 144 127 теңге иемденген. Ол бұл қаражатты бақылауындағы жеке кәсіпкердің есепшотына жалған жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтерге ақы төлеу ретінде аударған. Сондай-ақ ұлының жекеменшік халықаралық мектепте оқу ақысын төлеген.
Сонымен қатар сот Гүлнар Бажкенованың Алматыда пәтерлерді сатып алып, кейін оларды сату арқылы салық төлемей, 121 200 000 теңге көлемінде табыс тапқанын анықталған деп есептеді.
Ал көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты сот 2024-2025 жылдары жасалған сегіз эпизодты дәлелденген деп таныды.
"Сот үкімімен Бажкенова кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған бес жыл мерзімге БАҚ, журналистика, блогинг, қоғамдық іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызмет салаларында жұмыс істеуге, сондай-ақ БАҚ-қа қатысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды", - делінген хабарламада.
Алайда Гүлнар Бажкенованың 14 жасқа толмаған баласы бар болғандықтан, жазаны орындау екі жылға кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ материалдық шығынды өтеу есебінен журналисттен 95 992 350 теңге, 2 879 770 теңге мемлекеттік баж, сондай-ақ жәбірленуші тараптың заң көмегіне және іс жүргізуге жұмсаған 6 800 000 теңге шығыны өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
Еске салайық, былтыр желтоқсанда Гүлнар Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тінту жүргізілген. Алматы қаласының полиция департаменті оған көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Сол күні оның үйқамаққа алынғаны белгілі болды.