Судьяның айтуынша, балалардың алдағы тағдырына қатысты мәселелер Атырау облысының Білім басқармасына жүктелген.
"Сот балалардың әрі қарайғы қамқорлығы мен орналастыру мәселесін Атырау облысының Білім басқармасына жүктеді. Сонымен қатар Қызылқоға ауданы әкімдігіне Жангелдин ауылында қаза тапқандардан қалған үйге мұрагерлік құқықты рәсімдеуді тапсырды. Бұл балалардың мүліктік мүдделерін қорғау үшін қажет", – деді судья Зарема Хамидуллина.
Еске салайық, Сұлтан Сәрсемалиев – бес баланың әкесі. Оның кенже баласы 2025 жылы дүниеге келген.
2026 жылдың 3 ақпанында аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия балаларды мемлекет қамқорлығына беру туралы шешім қабылдаған. Бұған дейін оларды айыпталушының анасы тәрбиелеп келген.
Алғашқы кезеңде үш үлкен бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, бір және үш жастағы екі бүлдіршін мамандандырылған балалар үйіне жіберілген.
Кейінірек жастары үш пен тоғыздың арасындағы төрт баланың Атырау қаласындағы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатқаны белгілі болды. Ал ең кенже сәби әлі күнге дейін мамандандырылған балалар мекемесінде тәрбиеленіп жатыр.