Шымкентте еркін күрестен спорт шебері, 40 жастағы Василий Колесниковтың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзі басталды. Сотта прокурор алты сотталушыға 22 жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды buginmedia.kz «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.
Қылмыс биыл қаңтарда болған. Сол кезде Шымкент тұрғынын күндіз жол-көлік оқиғасынан кейін және жолдың жүргінші бөлігінде болған төбелестен соң көлік жүретін жолдан күштеп алып кеткен. Кейін ол өлтірілген.
Сотталушылар қатарында Максұт Арысбаев, Алихан Еримбет, Рауан Инкарбеков, Дархан Қызбалаев, Бекасыл Жұманазар және Жанділда Қуандықов бар.
Тағы бір күдікті — Марат Дауласов халықаралық іздеуге жарияланған. Ал болжам бойынша қылмысқа қатысқан тағы бір адамның жеке басын тергеу органдары анықтай алмаған.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, бұзақылық және алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау баптары бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Прокурор олардың әрқайсысына 22 жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ жәбірленушіге моральдық зиян келтіргені үшін әрқайсысынан 10 миллион теңгеден өндіріп алуды талап етті.
Әңгіме Василий Колесниковпен бірге көлікте болған Мақсат Көшкінбаев туралы болып отыр. Ол жолдағы төбелес кезінде ауыр жарақат алған.
Алты сотталушы мен олардың адвокаттары адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу туралы айыптарды алып тастауды және осы баптар бойынша өздерін ақтауды сұрады.
Олардың айтуынша, Василий Колесниковты нақты кім өлтіргенін дәлелдейтін айғақтар жоқ. Қорғау тарапы тағылған айыптар нақты дәлелдерге емес, болжамдарға негізделген деп санайды.