Толығырақ
Ресми түрде сайлауалды үгіт-насихат 23 шілде күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады.
Ведомство бұқаралық ақпарат құралдары партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу үдерісін жариялау кезінде барлық партияларға тең жағдай жасауға міндетті екенін атап өтті. Бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
БАҚ пен онлайн-платформа пайдаланушыларына қойылатын талаптар
Онлайн-платформа пайдаланушылары үгіт материалдарын тек тіркелген саяси партиялармен жасалған шарт негізінде ғана орналастыра алады.
Ал қаржыландырумен немесе ақылы үгіт материалдарын орналастырумен байланысты емес жеке пікір білдіруге заңмен тыйым салынбайды.
18 шілдеге дейін сайлауалды үгіт материалдарын жариялауды жоспарлаған БАҚ пен онлайн-платформа иелері мұндай материалдарды орналастырудың құны мен шарттары туралы мәліметті жариялап, оны Орталық сайлау комиссиясына ұсынуы тиіс.
Бұл талап орындалмаған жағдайда үгіт материалдарын жариялауға рұқсат етілмейді.
Қандай жағдайда айыппұл салынады?
Министрлік теле-радиокомпанияларға жаңалықтар және сараптамалық бағдарламаларда кез келген сайлауалды үгіт материалдарын орналастыруға тыйым салынатынын еске салды.
Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес 22 және 23 тамызда сайлауалды үгіт жүргізуге, сондай-ақ қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелері мен сайлау қорытындыларына қатысты болжамдарды белгіленген талаптарды бұза отырып жариялауға болмайды.
Аталған талаптарды бұзғаны үшін де әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Еске салайық, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Партиялық тізімдерді ұсыну 13 шілде күні сағат 18:00-ге дейін, ал оларды тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады.