Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес, партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу 2–23 шілде аралығында жүргізіледі. Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары 23 шілде сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады.
Бас прокуратура сайлаушылардың дауысын сатып алуға бағытталған кез келген әрекет заңсыз екенін ескертті. Атап айтқанда, сайлаушыларға тегін немесе жеңілдікпен тауар тарату, қызмет көрсету, ақша беру немесе мұндай уәде жасау, лотереялар мен қайырымдылық акцияларын өткізу заңға қайшы саналады.
- Егер мұндай әрекеттер пара берумен ұштасса, кінәлілер Қылмыстық кодекстің 150-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сонымен бірге сайлау тағайындалған сәттен бастап кандидаттар мен саяси партиялардың атынан қайырымдылық шараларын өткізуге де тыйым салынған. Бұл талаптарды бұзу кандидаттың немесе партиялық тізімнің тіркеуінің күшін жоюға негіз болуы ықтимал,- делінген мәлімдемеде.
Прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды кандидаттардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтерді жарияламауға шақырды. Мұндай ақпарат таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
- Сонымен қатар жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқаны үшін де Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабына сәйкес жаза көзделген. Сонымен бірге жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Бұған қоса қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеледі, - делінген үндеуде.
Сондай-ақ қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамаларды жариялау кезінде оларды жүргізген ұйым, тапсырыс беруші, өткізу уақыты, әдістемесі, іріктеу көлемі мен қателік коэффициенті міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Ал дауыс беру күніне дейінгі соңғы бес күнде және сайлау күні мұндай сауалнамалар мен сайлау нәтижесіне қатысты болжамдарды жариялауға заңмен тыйым салынған.
- Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi. Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады, - дейді Бас прокуратура.
Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушылардың барлығын заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.