Қазақстанда жеке медициналық және білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетіктері қайта қаралады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған тапсырмалары шеңберінде білім беру және денсаулық сақтау салаларын қаржыландыру мәселелері түбегейлі қайта қаралатынын мәлімдеді.
Ол бүгінде білім беру саласында пилоттық режимде жекеменшік мектептерді цифрлық есепке алуды, негізгі процестерді автоматтандыруды және бюджеттеу жүйесімен синхрондауды көздейтін жаңа тетік енгізілгенін атап өтті. Нәтижесінде 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылды.
"Бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізіледі. Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарының салынуы негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр", - деп атап өтті Аида Балаева.
Бұған дейін Президент білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру тетігін жедел түрде реформалау жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау үшін Бектенов Оқу-ағарту министрлігі мен өңірлердің әкімдіктеріне мораторий енгізуді тапсырды.
«Мемлекеттік қаржыландыру тек өңірлердегі оқушы орындарына деген өткір қажеттілікті жабатын жекеменшік мектептерге ғана берілуі тиіс. Қымбат, элиталық мектептерді қаржыландыру тоқтатылсын. Оқу-ағарту министрлігі бір ай ішінде жекеменшік білім беру ұйымдарының жаңа стандарттарға сәйкестігіне қатысты лицензиядан кейінгі бақылау жүргізуі қажет. Нәтижелері бойынша тиісті ақпарат енгізілсін», – деді премьер-министр Олжас Бектенов.