Депутаттың айтуынша, мәдениет тек концерт, театр немесе музеймен шектелмейді. Ол адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан және қоғамдағы әдеп нормаларынан көрінеді.
Ерлан Сайыр амандасу мәдениетін ұлттық бірегейліктің маңызды элементтерінің бірі деп санайды. Оның пікірінше, қазақ қоғамында қалыптасқан сәлемдесу дәстүрлерінің негізінде үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу және ағайын арасындағы байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр.
«Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады», – деді депутат.
Осыған байланысты ол амандасу әдебін бір реттік акция немесе тәрбие шарасы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынды.
Депутат министрліктерден:
амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді;
мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты бөлігі етуді;
сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік және ата-аналармен жұмыс арқылы бұл әдетті қалыптастыру тетіктерін қарастыруды;
мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік және жоғары білім беру жүйелеріне ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысына енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді сұрады.