Өткен жазда Тараз қаласының тумасы 22 жастағы Қайрат Анаров Алматыға келген. Жігіт “Дайвинчик” желісі арқылы 19 жастағы Арунамен танысады. Түркістандық қыз Нархоз университетінде 2 курста оқыған.
Алғашқы кездесуде екеуі көлікпен қаланы аралап, тағы кездесуге келіскен. Екінші кездесуде де осылай көлікке отырған. Сөзінше, сол кезде қыз біреумен жиі хат жазыса бастады. Оның ұялы телефоны қоңыраулары жігіттің шамына тиген. Сол кезде қыз жігітке “эскортпен” айналысатынын айтқан. Қайрат оны болашақ жары ретінде көргендіктен, екеуінің арасында кикілжің болды.Анаровтың сөзінше, сол кезде Аруна оның ата-анасын балағаттап, Қайраттың жақында қайтыс болған әкесін маскүнем деп атады-мыс.
"Ата-анам мұндай балағат сөздерге лайық емес болғандықтан, мен өзімді ұстай алмай қалдым да, көлігімнен пышақ алып, Арунаға пышақ сұғып алдым. Қайда, қалай, қанша рет пышақтап тастадым, білмеймін, жәбірленушінің балағат сөздерінен өзімді басқара алмай қалдым", – деді жігіт.
Сот-медициналық сарапшылар мен тергеушілер сөзінше, Қайрат оның ішінен пышақты сабына дейін сұққан. Қыз қатты ауырсынудан жылап жатқанында оны жігіт бетінен ұрған.
"Кеуде қуысына пышақпен тесілген жарақат түрінде алған жарақаты салдарынан Аруна жедел қан жоғалтудан оқиға орнында мерт болды" делінген іс материалында.
Қыздың өлгенін түсінген Қайрат оның денесін көлігінің жүк салғышына салып, Алматының шетіндегі "Монтажник" бағбандық бірлестігінің жанындағы жартастың үстіне лақтырып жіберген. Ал пышақты терезеден лақтырып жіберген.
Пышақ Оспанов көшесіндегі Royal Tulip қонақ үйінің жанында бірнеше күн жатты. Наурызбай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сол жерден пышақты тәркіледі.
Қайрат көлікті жалға беретін дүкенге көлікті тапсыратын кезде iPhone 11 телефонын тауып алады. Ол телефонды Верный ломбардына 45 000 теңгеге беріпті. Одан кейін Құрбан айт мерекесін тойлауға анасымен бірге Астанаға аттанған.
13 маусымда Аруна өлтірілген соң, оның әкесі қызына телефон соқты. Бейтаныс адам қыздың телефонынан "Әке, уайымдамаңыз, мен досыммен кинодамын, телефонмен сөйлесу ыңғайсыз" деп жазып жіберген. Одан кейін хабарсыз кетті. 21 маусымда анасы Алматыға келіп, полицияға жоғалғандар туралы арыз жазған.
Ал Арунаның мәйітін 15 маусым кешке саяжай тұрғындары байқаусызда тауып алып, полицияға хабарлаған, алайда тәртіп сақшылары оның жеке басын бірден анықтай алмады.
Тәртіп сақшылары тез арада өлтірушінің ізіне түсіп, жалға алынған көліктің нөмірін тапты. Көлік жалдаумен айналысатын кәсіпкерлер Қайрат Анаровтың 2-11 маусым аралығында Villauto жеке кәсіпорнынан Hyundai Elantra көлігін жалға алғанын хабарлады.
Арунаның анасы полицияға арыз жазған күні жігіт Астанада ұсталған. Кешенді сот-психологиялық, психиатриялық және нашақорлық сараптамасының қорытындысында: Анаровтың ешқандай созылмалы немесе психикалық ауытқушылығы жоқ екенін анықтады.
Сот бір жылдан кейін басталды.
Куә ретінде шақырылған адам сотта Арунаның тікелей эротикалық және порнографиялық хабарлар түсірілетін студияда модель болып жұмыс істегенін растады. Ол да сонда жұмыс істеген.
Судья Бәкірбаев сотталушының әрекеті тергеуде "адам өлтіру және бөтеннің мүлкін ұрлау" ретінде дұрыс сараланғанын баса айтты. Алматы қалалық қылмыстық мамандандырылған сотының судьясы Бақытжан Бәкірбаев Қайрат Анаровты 12 жылға соттап, 872 216 теңге процессуалдық шығын өндіруге міндеттеді. Сондай-ақ жәбірленушілердің өтемақы қорына қосымша 110 760 теңге төлеуге міндеттелді.