Tengrinews.kz сайтының жазуынша, бұл сауал Мемлекет басшысына БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында қойылған.
"Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыста делдал болмайды және өзін олай санамайды. Менің ойымша, екі тарап та барлық даулы мәселе бойынша түрлі деңгейде диалог жүргізе алады. Әрқашан "украин дағдарысы" аса күрделі деп есептеп, оны жеңілдетуге болмайтынын ашық түрде айтып келемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президентінің айтуынша, әскери іс-қимылдар жалғасқан сайын аумақтық, тарихи, ұлттық, тілдік және, әрине, саяси мәселелер қабаттасып барады.
"Иә, аумақтық мәселе қазір ең басты әрі ең қиын мәселе, бірақ оны келіссөздер үстелінде шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені тарихи тақырыптарға қатысты қатар жүретін талқылаулар бар (Киев Русі, "аумақтық сыйлықтар", украин мемлекеттілігі және басқалар), мұнда түрлі пікірлердің ауқымы кең, соның ішінде ерекше және тіпті экзотикалық ойлар да кездеседі. Дегенмен келіссөздерді жалғастыру қажет, бұл туралы БҰҰ-дағы сөзімде де айттым. Егер Ресей мен Украина лидерлері Қазақстанға келгісі келсе, келіссөздерді сәтті өткізу үшін барлық қажет қызметті ұсынамыз", – деді президент.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский Нью-Йоркте – БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында кездескен еді.
Кейін Fox News-қа берген сұхбатында Зеленский Ресей президентімен Қазақстанда кездесуге дайын екенін мәлімдеді.