Мәзір
11 қыркүйек, 2025 / BuginMedia / Жаңалықтар

Ақтөбеде мейіргер танымал дәрігерді өлтіріп, мәйітін мұздатқышта сақтаған

Ақтөбе облысында нефролог дәрігерді аяусыз өлтірді деп айыпталған 31 жастағы мейіргерге қатысты сот басталды, деп хабарлады buginmedia.kz diapazon.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбеде мейіргер танымал дәрігерді өлтіріп, мәйітін мұздатқышта сақтаған Ақтөбеде мейіргер танымал дәрігерді өлтіріп, мәйітін мұздатқышта сақтаған
Фото: diapazon.kz

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, істі алқабилер соты қарауын сұрады.

Қылмыс осы жылдың мамыр айында болған. Айыпталушыға қылмыстық кодексінің “Қасақана кісі өлтіру” және “Ұрлық” баптары бойынша айып тағылған.

Іс материалдарына сәйкес, марқұм дәрігер мен күдікті мейіргер Ақтөбе қаласындағы жеке ауруханалардың бірінде жұмыс істеген. Олар жақын дос болған. Күдікті дәрігердің жалғыз тұратынын және банктегі есепшоттарында қомақты қаражаты бар екенін білген.

“Қылмыс алдын ала жоспарланған. 2025 жылдың 1-31 қаңтары аралығында айыпталушы қытайлық интернет-сайт арқылы силикон бетперде сатып алған. 19 мамырда күдікті әріптесінің көзді түзету отасы үшін Астанаға кететінін білген. 24 мамыр күні түнде дәрігер Ақтөбеге оралатынын біліп, айыпталушы дәрігердің үйіне барған. Ер адам ешнәрсе білмей есікті ашқан. Айыпталушы ас үйге өтіп, марқұмның кеуде тұсына үш пышақ жарақатын салған. Зардап шегуші құлаған кезде, басына балтамен соққы жасаған. Өкпе мен жүрекке келген зақым және көп қан жоғалту салдарынан дәрігер оқиға орнында көз жұмған. Өлім орын алғанына қарамастан, айыпталушы марқұмның қолын байлап, басына полиэтилен пакетін кигізіп, мәйітті тоңазытқышқа салып қойған”, – деді прокурор Гүлзира Көшербаева.

Қылмыс жасағаннан кейін айыпталушы үйден банк картасын, екі ұялы телефон, ноутбук пен планшет алып кеткен. 2025 жылдың 25 мамырында күдікті алдын ала сатып алған силикон бетпердесін тағып, марқұмның банк шотынан 900 мың теңге алған. Күдікті келесі күндері де ақша алуды жалғастырған, ұрланған жалпы сома – 5 268 000 теңгені құрады.

27 мамыр күні күдікті жүк тасымалдау қызметі арқылы “ет салынған тоңазытқышты” гаражға жеткізуге тапсырыс берген.  Кейінірек ол тоңазытқышты басқа мекенжайға жеткізу үшін тағы да жүк тасымалдаушылар қызметін пайдаланған. Екі жағдайда да тасымалдау компаниясының қызметкерлері ішінде не бар екенін білмеген, себебі айыпталушы тоңазытқышты скотчпен жауып қойған көрінеді. 

“Мен өз кінәмді толық мойындаймын. Алайда менде жаман ой болған жоқ, қылмысты әдейі жасамадым. Тағылған айыпты қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлімі 8-тармағынан 1-бөліміне өзгертуді сұраймын. Сондай-ақ істі алқабилер сотының қарауын сұраймын”, – деді айыпталушы сотта.

Зардап шегуші тараптың өкілдері бұл өтінішпен келіспей, айыпқа тағы бір тармақ қосуды сұрады. Олар тергеу барысында пәтерден зергерлік бұйымдардың жоғалғаны анықталғанын, кейін олар айыпталушыдан табылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, олардың пікірінше, кісі өлтіру аса қатыгездікпен жасалған.

Еске салсақ, 2025 жылдың 23 мамырында Ақтөбеде танымал нефролог дәрігер Абай Айсағалиев із-түссіз жоғалып кеткен еді. Бір аптадан кейін дәрігердің денесі табылды. 

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2