Блогер aly_blogg желідегі ұтыс ойындарының қалай өтетінін әшкереледі.
Оның айтуынша, көлік, пәтер және қомақты ақша «ұтқандардың» дені – жалдамалы актерлер. Олар блогермен келісіп, азын-аулақ ақшаға жолы болғыш адамның рөлін ойнап береді. Қымбат сыйлықтарды ешкім ұтпайды. Қаражат пысықай блогердің қалтасында қалады.
«Мен өзім төрт жыл бұрын блогерлерге көмектесетін компанияда жұмыс істегенмін. Ұтып алған адамдардың көбі – актерлар. Біз мамандығы бар, актерлік шеберлігі актерларды тауып беретінбіз. Блогерлер олармен азын-аулақ ақшаға келісім жасайды», – деді aly_blogg.
Оның сөзіне қарағанда, ұтыс ойнататын блогерлердің қулығына құрық бойламайды. Жалданған актерлер, келісім бойынша, «ұтып алдым» деп камера алдына шығып, сөйлеп, рөлін сәтті ойнап шығады.
«Бұл – өтірік емес, рас. Мұны кез келген блогерден сұрасаңыз, мойындайды… Ол жерде сексен пайыз өздерінің адамдары ұтады. Яғни алдын ала келіскен. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң, бақа да жоқ», – деген сөз бар. Бұл өмірде тегін ештеңе де жоқ», – дейді Али.
Блогердің пікірінше, білімі жоқ, Гарвард бітірмеген, тек қана лайк жиып, репост жасағаны үшін жарнамадан ақша тауып жүрген адам баюдың, ақша табудың жолдарын мүлде үйрете алмайды.
«Балықшы өзге балықшыға қайдан балық ұстап жүргенін айтпайды. «Аңқау елге – арамза молда» деген сөз бар. Қаншама блогерлерге ұрынып жатсыздар! Сіздерге сабақ болып жатқан жоқ па? Ақшаларыңыздан айырылып жатсаңыз, бұл – сіздің кінәңіз», – деп, aly_blogg курс, ұтыс ойынына сенбеуге шақырып жатыр.
Десе де, оқырмандардың бірі Дархан атты блогер ұйымдастырған ойыннан Чанган көлігін ұтып алғанын айтты.
«Сіздікі де дұрыс шығар. Басыңыздан өткенді айтып жатырсыз. Бірақ бәрі ондай емес», – деп ақтап жатқандар да кездесіп отыр.
Айта кететін жайт, Қаржы мониторинг агенттігі 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалағанын анықтады.