Мәзір
14 шілде, 2025 / BuginMedia / Денсаулық

Сара Назарбаеваның жағдайы белгілі болды

Сара Назарбаева Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде емін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Сара Назарбаеваның жағдайы белгілі болды Сара Назарбаеваның жағдайы белгілі болды
Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie

"Науқас емдеу курсынан өтіп жатыр. Барлық іс-шаралар медициналық көмек көрсету бойынша бекітілген стандарттарға сәйкес және білікті мамандардың бақылауымен жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады госпиталь.

Мекеме өкілдері Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 273-бабына сәйкес диагнозға, денсаулық жағдайына қатысты мәліметтер дәрігерлік құпияға жататынын атап өтті.

"Мәліметтерді жарияламау туралы шешім науқастың заңды құқықтарын – жеке өмірге құрметпен қарау және емдеу процесіне араласудан қорғау мақсатында, тек оның мүддесі үшін қабылданды. Түсіністікпен қарап, медициналық этика мәселелеріне құрметпен қарағаныңыз үшін алғыс айтамыз", – делінген Ұлттық госпитальдің хабарламасында.

Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі - Қонақаева.

1962 жылы Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Араға бір жыл салып Дариға есімді қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Динара мен Әлия Назарбаева дүниеге келді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы "Бөбек" қорын ашты. Кейін "SOS Киндердорф" балалар ауылын ашқан.

"SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған.

Еске салайық, бұған дейін Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Апта талқысында: