«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заң қабылданды. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдан бастап әлеуметтік жағдайы дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейдегі 1 миллионға жуық азамат жергілікті бюджет есебінен МӘМС жүйесіне қосылады.
Бұл елдегі табысы төмен тұрғындардың қосымша 5%-ының жоспарлы медициналық көмек алу мүмкіндігін арттырады. Жарналар азаматтардың медициналық көмекке нақты жүгінуіне қарай жергілікті атқарушы органдар арқылы төленеді.
Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздардың МӘМС жарнасын төлеу міндеті де жергілікті бюджеттерге жүктеледі. Бұл шешім жұмыспен қамту мен жұмыссыздық деңгейін төмендету шараларын қолдауға бағытталған.