Ол филармонияның ресми парақшасында видео жариялап, өзіне қатысты айтылған айыптауларды жоққа шығарды.
«Кешегі әлеуметтік желіде тарап жатқан видео бойынша мен де өз жауабымды бергім келеді. Мен – отбасылы азаматпын, анам бар. Маған және отбасымның атына қара күйе жағылуда. Мені де заң қорғайды деп ойлаймын. Сотқа шағымдандым. Соттың шешімін күтейік. Содан кейін барлық әлеуметтік желілерде жариялаймыз», – деді Ғалымжан Ерназаров.
Айтуынша, әншінің «жұмыстан қудалап жатыр» деген мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейді.
«Сіздер оның әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп отырсыздар, бір күні Жезқазғанда, бір күні Қызылордада тойда жүреді. Ол мүлде жұмысқа келмейді. Біздің қателігіміз – жұмыста болмағаны үшін қызметінен босату керек болғанда да жанашырлық танытқанымыз еді», – дейді ол.
Сондай-ақ Ғалымжан Ерназаров Наркенженің оның кәсіби біліктілігіне қатысты айтқан сынына да жауап берді.
«Мамандығым сәйкес болғандықтан және өнерге жанашыр болған соң, бұл қызметті атқарып отырмын. Шетелге іссапарлар ресми негізде жүзеге асады. Елші хаты, басқарманың рұқсаты болады. Бұл қаражатты босқа шашу емес. Астана күнін атап өту мақсатында ұйымдастырылған іссапар», – деді директор.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі Наркенже Серікбаева әлеуметтік желіде филармония директоры өзін шетелдік гастролдік сапарға қатыстырмай отырғанын, махаббат құруға ұсыныс айтқанын мәлімдеген болатын.