Түзетулерді Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірледі.
"Өзгерістер сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Өңірге және статистикалық деректерге қарай жалақы орта есеппен 35–50%-ға өсіп, жылу және электр энергетикасы салаларындағы мамандардың деңгейіне дейін жетеді. Бұл су саласындағы кадр тұрақсыздығын азайтып, жоғары білікті мамандарды тартуға жол ашады", - делінген Су ресурстары және ирригация министрлігі таратқан ақпаратта.
«Табиғи монополиялар туралы» заңға енгізілген өзгерістер биыл 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жылу және электр энергетикасы саласында орташа жалақы – 330 мың теңге. Ал су шаруашылығы саласында – 231 мың теңге. Айтарлықтай айырмашылық бар. Қабылданған түзетулер еліміздің дамуы үшін аса маңызды су саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 25%-ға көтергенін еске сала кетейік.