«Сот қылмыстық іс бойынша үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне шығады. Үкім 2025 жылғы 5 маусымда сағат 16.00- де жарияланатын болады», - деді судья Ержан Жанұзақов.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай жарыссөзде сотталушыларды 1,5 жылдан 23 жылға дейін соттауды сұраған болатын.
Атап айтқанда, Абзал Шынасылды «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша кінәлі деп танып, 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сонымен қатар, Думан Ысқақ – ҚР ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылуы тиіс;
Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дархан Қалихамет, Шыңғыс Белғожаев – ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс;
Нұрқияс Ілиясов – 7 жылға сотталуы тиіс, ал бұрын өтелмеген жаза мерзімін ескере отырып, жалпы 9 жылға бас бостандығынан айыру сұралды;
Азамат Тоқтаубаев – ҚР ҚК 290-бабының 3-бөлігі (Қаруды заңсыз сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға соттау, ал бұрынғы жазалармен қосып есептегенде 15 жылға бас бостандығынан айыру сұралды;
Равиль Сәкиев – ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға соттау, ал бұрынғы өтелмеген жазасын ескере отырып, жалпы 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.