Мәзір
19 мамыр, 2025 / BuginMedia / Әлеумет

Назарбаевтар зиратында жаңа қазылған қабір пайда болды: әкімдік оның кімге тиесілі екенін айтты

Желіде Назарбаевтар отбасының зиратында адам жерлегені туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Buginmedia.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Назарбаевтар зиратында жаңа қазылған қабір пайда болды: әкімдік оның кімге тиесілі екенін айтты Назарбаевтар зиратында жаңа қазылған қабір пайда болды: әкімдік оның кімге тиесілі екенін айтты
Фото ©️ Tengrinews.kz

БАҚ-та бұл Сара Назарбаева жерленген қабір болуы мүмкін деп болжады. Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы Қарасай ауданы әкімдігіне ресми сауал жіберді.

Әкімдіктің мәліметінше, Шамалған ауылындағы Назарбаевтар әулетінің зиратында 2024 жылдың желтоқсанында қайтыс болған басқа адам жерленген.

"Жерлеу діни жоралар мен дәстүрлерге сәйкес жүргізілген. Қазір қабірде жазулар мен көрсеткіш тақтайшалар жоқ. Алайда марқұмның туыстарының айтуынша, жақын арада тақтайша орнатылады", – делінген әкімдік жауабында.

Бұл ретте Президент істері басқармасының Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпиталь аталған ақпаратты тағы да жоққа шығарып, Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы мәліметтің шындыққа жанаспайтынын растады. Қазіргі уақытта ол Ұлттық госпитальде ем қабылдап жатыр.

Сондай-ақ, госпиталь өкілдері диагнозға және денсаулық жағдайына қатысты мәліметтер дәрігерлік құпияға жататынын еске салды.

Сара Назарбаева туралы не белгілі?

Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі - Қонақаева.

1962 жылы Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Араға бір жыл салып Дариға есімді қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Динара мен Әлия Назарбаева дүниеге келді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы "Бөбек" қорын ашты. Кейін "SOS Киндердорф" балалар ауылын ашқан.

"SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған.

Еске салайық, бұған дейін де Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Апта талқысында: