Азамат Тоқтаубаев ақпанда ғана тергеу изоляторынан үйқамаққа шыққан. Өзінің айтуынша, тағылған айып 106-баптың 1-тармағынан 2-тармағына ауыстырылған. Яғни, үйқамақ режимін бұзғаны үшін 7 жылға сотталған.
Азамат Тоқтаубаев кім және ол не үшін айыпталып отыр?
Азамат Тоқтаубаев 2000 жылы туған, үйленген. Орта білімді. Өзінің айтуынша, жеке кәсіпкер болған. Қазіргі ол Шерзат ісі бойынша сотталушылардың бірі. Бұл резонанстық істе оған "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған.
17 сәуірде өткен сот отырысында прокурор Дана Сәрсембай айыптау актісін оқи отырып, Шерзат Полатты қалай өлтіргендерін баяндады. Тергеу деректеріне сәйкес Шерзат пышақталғаннан кейін оны шабуылдаушылардың тобы ұрып-соғып, "аяқтаған".
Тергеу нұсқасы бойынша, басты айыпталушы Абзал Шынасыл. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, дәл осы Абзал Шынасыл пышақпен Шерзатқа өлімге әкелген соққы жасаған. Абзал Шынасыл Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша (Кісі өлтіру) және 293-баптың 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша айыпталып отыр.
Равиль Сакиев те 293-баптың 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) және 99-баптың 2-бөлігі мен 24-баптың 3-бөлігі бойынша (Кісі өлтіруге оқталу) айыпталып отыр.
Еске салайық, бұған дейін 6 мамырда өткен сот отырысында айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай4 қазан күні "Қамажай" дүкеніне сыра алуға барғанын айтып, Шерзат Болаттың өліміне әкелген төбелеске қатыспағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Шерзат өзіне кастетпен ұрып жіберіп, кейін жағдайы нашарлаған соң досы Нұрбол Тоқтабайды шақырған. Төбелестің басталуына Қаржаубайдың пышақпен шығуы және Шерзаттың біреуді ұруы себеп болды дейді. Дархан тергеу кезінде қысым көрсетілгенін, қорғаушысы болмағанын, сондықтан шындықты енді айтып жатқанын жеткізді. Ол оқиғаға қатысқан кейбір күдіктілерді танымайтынын, ешкімді ұрмағанын, төбелеске араласпағанын айтты. Тергеу кезіндегі айыптаулармен келіспейтінін, бұл кездейсоқ болған оқиға екенін, тек өз әрекеті үшін жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.