Мәзір
22 сәуір, 2025 / BuginMedia / Жаңалықтар

1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгереді

Қазақстанда 1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметі мен емханалар жанындағы мобилдік бригадалардың жұмыс тәртібі өзгермек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Buginmedia.kz.

1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгереді 1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгереді
Фото: Facebook / Ақмарал Әлназарова

Азаматтардың 103 нөмірі бойынша жедел көмекке шақырту құқығы сақталады. Алайда жеделділіктің 4-санатына жататын, өмірге тікелей қауіп төндірмейтін жағдайлар бойынша (мысалы, қан қысымының көтерілуі, дене қызуы, жеңіл жарақаттар) шақыртулар енді күндізгі уақытта емханалар жанындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) мобилдік бригадаларына бағытталатын болады.

Өзгерістердің негізгі тұстары:

• Мобилдік бригадалар емханалардың жанында сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді;
• 4-санаттағы шақыртулар жұмыс уақытында емханалар жанындағы МСАК бригадаларына жіберіледі;
• 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай жедел жәрдем қызмет көрсетеді.

Ведомство бұл өзгерістер жедел жәрдем қызметінің жүктемесін азайтып, шын мәнінде шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға дер кезінде жетуге мүмкіндік береді деп түсіндіреді.

Жаңа уақыт стандарттары:

• 1-санат (аса шұғыл жағдайлар) – 10 минут ішінде келу;
• 2-санат – 15 минут ішінде;
• 3-санат – 30 минут ішінде;
• 4-санат (өмірге қауіп жоқ) – мобилдік бригада 60 минут ішінде шақыртуға келеді.

Министрлік бұл қадам жедел жәрдемге жүктемені оңтайландырып, медициналық көмектің сапасын арттырады деп сендіреді.

Апта талқысында: