Тележүргізуші Асхат Садырбаймен 2011 жылы танымал әнші Ерке Есмахан отау құрды. Олар бала дүниеге келген соң көп ұзамай ажырасып кетті. Ерке бір сұхбатында оның мінезі нашар екенін айтқан болатын.
"Жүкті болған кезімде маған қол көтеретін кездері болды. 9 ай күйзелісте болдым", - деді әнші.
Басы дауға қалған журналист кезінде әншіні ұрмағанын айтты.
"Жоқ, ұрған жоқпын. Бұл ұзақ әңгіме, оған тоқталғым келмейді. Оның отбасы бар. Ол жайлы ештеңе айтқым келмейді. Оның бұрынғы өткен өмірін қозғап не істейміз? Біздің ажырасуымызға қол көтеру себеп болған жоқ. Біздің баламыз өмірге келді. Келістік, бөлек кететін болып шештік, мен оған тек бақыт тілеп қалдым", - дейді Асхат Садырбай.
Сондай-ақ Ерке Есмахан бір сұхбатында Асхат Садырбай ажырасқан кезде сыйлаған бүкіл алтынын алып кеткенін айтқан болатын.
"Маған ұсыныс жасаған кездегі сақинасын, туған күніме сыйлаған сақина, алқаларын жинап алып кетті. Ол көңілімді солай суытты", - деді әнші.
Тележурналист әншінің бұл сөзін де жоққа шығарды.
"Әйел эмоциямен айтады ғой. Екеуміз некелескенде тағылған неке жүзікті ажырасып жатқан кезде Ерке лақтырып жіберді. Мен оны көтеріп, тағы да қосылып қалармыз деп алып кеткенмін. Басқа алтындарды алмадым", - деді ол.
Журналист қазір әншімен қарым-қатынасы жақсы екенін айтты.
"Ерке екеуміздің арамызда реніш-өкпе жоқ, біздің сәлеміміз түзу. Қайғыда, қуанышты бір-бірімізді құттықтап, ортақтасып тұрамыз. Қазір оның өз отбасы бар, сондықтан ол жайлы айту маңызды деп ойламаймын", - деді Асхат Садырбай.