Мәзір
22 қаңтар, 2025 / BuginMedia / Жаңалықтар

Астанада жас жігіт 4 туысын ұйықтап жатқанда пышақтаған: Ұлттық комиссия мәлімдеме жасады

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Астанада 4 туысын пышақтаған 21 жастағы жігіттің оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Астанада жас жігіт 4 туысын ұйықтап жатқанда пышақтаған: Ұлттық комиссия мәлімдеме жасады Астанада жас жігіт 4 туысын ұйықтап жатқанда пышақтаған: Ұлттық комиссия мәлімдеме жасады
Фото: polisia.kz

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мәліметінше, 19 қаңтар күні Астанада баршамыздың жанымызға бататын қайғылы оқиға болған. Алдын ала ақпарат бойынша онлайн ойындарға шамадан тыс әуестікке байланысты жанжал туындап, салдарынан жақын туысқанының қолынан бір адам қайтыс болып, үшеуі жарақат алды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Біз қаза тапқан адамның жақындары мен туыстарына, сондай-ақ осы қайғыға душар болғандардың барлығына көңіл айтамыз.

Бұл оқиға балаларымыз қызығатын және әуестенетін дүниелерге жіті көңіл бөлудің маңыздылығын көрсетеді. Бүгінде технологиялар – өміріміздің ажырамас бөлігі. Жастар, әсіресе жасөспірімдер, виртуалды әлемде уақыттарын көбірек өткізуде. «Kazakhstan Kids Online» зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда балалардың 15%-дан астамы интернеттегі теріс мазмұнмен күнделікті кездеседі. Бейнеойындарға, әлеуметтік желілерге және онлайн қарым-қатынасқа тәуелділік артып келеді. Бұл көбінесе балалардың қоғамнан оқшаулануына алып келіп, отбасыдағы түсініспеушіліктер мен жанжалдарға себеп болады.

"Құрметті ата-аналар! Ұлттық комиссия сіздерді балаларыңыздың қызығушылықтары мен мәселелеріне айрықша көңіл бөлуге шақырады. Балаларыңыздың өміріне қатысу, олардың әуестіктеріне шынайы қызығушылық таныту және сенімге негізделген қарым-қатынас, диалог құру – олардың үйлесімді дамуының негізі және мүмкін болатын қауіптердің алдын алудың тиімді жолы.

Сонымен қатар, біз ата-аналарға балалардың интернеттегі контенті мен өткізетін уақытына назар аудару үшін қолжетімді «ата-ана бақылауы» құралдарын пайдалануға кеңес береміз. Бұл балаларды гаджеттерге шамадан тыс әуестенуден, деструктивті ойындардан қорғауға және киберқауіп-қатерлерді азайтуға көмектеседі. Киберқауіпсіздікке мұқият мән беру отбасылық саламатты өмірдің маңызды бөлігіне айналуға тиіс.

Қазіргі заманның шынайылығы сол – балалармен қарым-қатынасқа көп уақыт бөліне бермейді. Дегенмен, балаларыңыздың өмірі мен денсаулығынан маңызды ештеңе жоқ. Отбасында сенімге негізделген атмосфера құрып, олардың қауіпсіздігін қадағалаңыз және ең бастысы – БАЛАЛАРЫҢЫЗҒА ҮЛГІ БОЛА БІЛІҢІЗ.

Бұл қайғылы оқиға бәрімізге үлкен сабақ болып, басымдықтарымызды қайта қарауға түрткі болады деп сенеміз. Отбасы, мемлекет және қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ғана біз балаларымыз үшін қауіпсіз әрі берекелі болашақ жасай аламыз. Балаларымыз аман болсын!", - делінген Ұлттық комиссия мәлімдемесінде.

Апта талқысында: