Мәзір
22 қаңтар, 2025 / BuginMedia / Әлеумет

«Гипнозбен 28 миллион теңгеге дейін несие алдыртқан»: Ақтөбеде емші 100 шақты адамды алдап соққан

Ақтөбеде «емшіге алдандық» деген 100 шақты адам шу шығарды, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

«Гипнозбен 28 миллион теңгеге дейін несие алдыртқан»: Ақтөбеде емші 100 шақты адамды алдап соққан «Гипнозбен 28 миллион теңгеге дейін несие алдыртқан»: Ақтөбеде емші 100 шақты адамды алдап соққан
Фото: видеодан алынды

Дертіне дауа іздеп барғандарды гипнозбен арбап несие алдыртқан көрінеді. Алданғандардың қатарында емшінің ет жақын туыстары да бар. Әулие санаған адамдарының алаяқ болып шыққанына ашынған олар прокуратурадан оны қамауды талап еткен. Емшіні тәртіп сақшылары ем жүргізетін орнынан тергеуге алып кетіп, қылмыстық іс қозғады.

"Біз емге барып жүргенімде гипноз арқылы мені 18 миллионға сазға отырғызды. Қазыбаева Сұлушаш деген кісі. Бес баламен қазір жұмысым да, тамағым да жоқ, балаларыма алатын, мысал үшін. Емделуге барғанда жатқызып қойып, гипноз жасай ма, білмеймін. Жатқызып қойып емдейді. Кейін біз білмейміз, не істегенімізді. Телефонымызды алып, біздің атымыздан несие рәсімдеп отырған", - дейді Райхан Зарлықова.

"Басым ауырып бардым, сол кезде басым айналды, барған бойда. «Басың ауырып тұр ма?» деп сұрады. Көзім қарауытып дым сезбей қалдым. Бір есімді жисам, «басыңды оңға бұр, солға бұр» деп, менің телефонымдағы банк қосымшасынан кредит алып жатқанын сездім. Сол кезде бір миллионға несие мақұлданған. Сосын өз қолымен өз телефонына аударып алды, - дейді Алмагүл Хасанғалиева.

Халық емшісі алдына келгендерді ғана емес, өз жақындарын да аямапты. Сан соғып қалғандардың қатарында туыстары мен ауылдастары да бар. Бәрі «қандай сиқырға тап болдық» деп, таңқалып отыр. Зейнетке шыққан жеңгелері де миллиондаған несиені қалай алғанын білмейді.

"Содан ем жасады, кейін басым ауырды, сөйтіп тұрғанда телефонымды алып, былай-былай сөйлесті. Тіпті қой дегенге қоймады. Білмеймін, суретке түсірді де, қолға мақұлдау жіберді. Сол жерде «саған үш миллион шықты» деп, мені мақтады. Қалай маған 120 мың теңге шығады? Содан сол үйден кете алмадым. Қандай сиқыры бар екенін білмеймін!", -  дейді Күлзипа Төремұратова.

Емшіге алданғандар тәртіп сақшыларына арыз да түсірген. Облыстық прокурордың да қабылдауына барды. Олар Сұлушаш Қазыбаеваны қамауға алуды талап етіп отыр. Ақыры қаланың бас полицейі де емшінің қабылдауына келді. Сол жерде оны тергеуге өзімен бірге алып кетті.

"ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігі, яғни ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша. Осы қылмыстық іс аясында арыз жазғандар, сонымен қатар басқа да арыз жазуға дайын азаматтар екен. Осы жерге жиналып тұр. Ақтөбе қаласының тумасына қатысты. Бұл жерге келдік. Барлық мән-жайды анықтадық. Қазір ол кісіні тергеу үшін полиция бөліміне жеткіземіз", -дейді Ақтөбе ПД басқармасының бастығы Әсет Қалиев.

Еріксіз емшінің сиқырымен бір миллионнан 25-28 миллионға дейін ақша алып бергендер бар. Тәртіп сақшылары оны тергеуге үйінен көлікпен алып кетіп, уақытша қамау изоляторына қамаған. Жәбірленушілер оны тергеу кезінде де үй қамаққа жібермей, абақтыда ұстасын деп отыр. Себебі өзгелер де арбалып қала ма деп қорқады.

Апта талқысында: