Олардың 40 жастағы қызы ауруханада жатыр. Күдікті марқұмдарды пышақтап, жертөлеге қамап тастаған. Ол кепілге алған келіншекпен бұрыннан таныс екен. Ауыр қылмысқа барған кезде тәртіп сақшыларына нақты бір талап та қоймапты. Сондықтан қаскөйдің нені қалағаны әлі жұмбақ.
Ақтөбе қаласының қақ ортасындағы Қайрат Рысқұлбеков көшесі тұрғындарының түні тыныш өтпеді. Кеше кешкі сағат сезіден кейін бұл үйде тұратын зейнеткерлер мен олардың қырық жастағы қызын кепілге алғаны туралы тәртіп сақшыларына хабарлама түседі. Сол уақыттан бастап, түн жарымына дейін күдіктімен келіссөз жүргізген. Бірақ ол дегенге көне қоймаған.
Қанды оқиға болған үйге көрші тұратындар шошынып қалған. Қас қарая осы маң қоршауға алынып, тәртіп сақшыларынан бастап, құтқару қызметтері қаптағанда, тұрғындар не болғанын түсінбей қалған.
"ОМОН ба, біреулер болды. «Апа, ішке кіріңіздер, бәрі аманшылық, қорықпаңдар» деді. Сосын үйге кіріп кеттік. Түнімен болды. Қорықтық. Есікті іліп алдық. Бірдеме сарт ете қалды. Ойбай, машина атылып кеткен шығар деп атып шықтық. Әйтеуір аманшылық екен. Сол кезде мына жерден адам шығарып жатты ма, қарауға мүмкіндік жоқ, толған машина", - дейді көршісі Маржан Тәжекенова.
Күдікті қырық жастағы келіншектің танысы екен. Ол үйге кіре сала, әйелден бастап, оның зейнеткер әке-шешесін аяусыз ұрып-соққан. Есік-терезені жауып, 74 жастағы қарт пен 67 жастағы әжейді пышақтап, жертөлеге қамап тастайды. Құзырлы орган басшыларының тайлы-тұяғы қалмай келіссөз жүргізгенімен, айтқанға көнбеген соң, шабуылмен басып кірген.
"Бұл ретте күдікті қандай да бір талап қойған жоқ. Үш сағатқа созылған келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талапты орындаудан бас тартқаннан соң, шабуыл жасау туралы шешім қабылданды. Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды. Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды", - Ақтөбе облысы ПД бастығы Абай Жүсіпов.
67 жастағы зейнеткер әйел оқиға орнында қаза тапқан. Ал келіншек пен оның әкесін ауруханаға жеткізеді. Жетпіс төрттегі қарт ауыр соққы мен пышақ жарақатынан ақыры беті бері қарамай көз жұмды.
"Екі адамды алып келді. Біреуі әйел, 1984 жылғы. Оның миы шайқалған, басынан, бетінен жарақат алған, кесілген. 1950 жылғы ер адам оны сол жедел жәрдем алып келгенде жағдайы нашар болған. Жансақтау бөліміне жатқызып, реанимация шаралары 30-40 минуттай жасалды. Өкінішке қарай, ол кісі қайтыс болды", -Ақтөбе облысы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары .Азамат Тұрышев.
Үш адамды кепілде ұстаған қырық жастағы күдікті қазір қамауда отыр. Оның неліктен мұндай қылмысқа барып, не талап етпек болғаны белгісіз. Қазір үстінен екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Адам өлтіргені және кепілгені алғаны үшін тергеліп жатыр.