Бұдан соң, сұйытылған газға көшетін көліктер саны артып, елде газ тапшылығы болуы мүмкін. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Бекбол Орынбасаров айтты.
«2025 жылы қаңтардан бастап бензин мен дизельге қойылған шекті баға алынып, бағаларды нарықтық жолға қою туралы саяси шешім қабылданғанын білеміз. Бағалар Еуразиялық экономикалық одақтың бағаларымен теңестіріледі», – деді депутат.
Ал сұйытылған газ бағасына қатысты шектеулер 2030 жылға дейін сақталады. Нәтижесінде жанар-жағармай қымбат, газ арзан болады. Бұл көлік жүргізушілерінің жаппай сұйытылған газға көшуіне ықпал етуі мүмкін. Ал елдегі сұйытылған газ тапшылығын ескерсек, мұның соңы күрделене түсуі әбден мүмкін. Депутат мұндайда жағдай 2022 жылдың қаңтары кезіндегіден де ушығып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
«Қазірдің өзінде жеке көлік иелерінің газға көшу жағдайлары жиілеп кеткен. Ал сұйытылған мұнай газының шекті бағасын 2030 жылға дейін қалдырсаңыздар, мәселе тіпті ушықпай ма? Бензин мен дизель бағасы бірден көтерілген кезде, көлік жүргізушілері жаппай сұйытылған газға көшетіні анық. Сол кезде бұл мәселе тек өңірлік деңгейдегі ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі үлкен мәселеге айналып кетуі мүмкін деген күдік бар»,- дейді Орынбасаров.
Сонымен бірге депутат қазіргі күні шекті бағалардың бекітілгеніне байланысты елдегі газ өңдейтін зауыттардың шығынға батып жатқанын атап өтті. Елдегі зауыттар сұйытылған газды нарықтық бағадан әлдеқайда арзанға сатуға мәжбүр.
Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова мұнда екі тараптың да мүддесі жатқанын, екі тараптың да проблемасын бірден шешу мүмкін болмай тұрғанын айтты.
«Шыны керек бағаларды шектеп ұстау, газ өндіруші компаниялардың табысына кері әсер етеді. Яғни газ өндірушінің кәсіпорынды жаңғыртуына, қуаттылығын арттыруына кедергі келтіреді. Екінші жағынан, бізде сол газды тұтынантын халық бар. Біз халықты әлеуметтік арзан тауармен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бір сәтте осы екі мәселені бірдей шешіп, екі тараптың да талабын қанағаттандыру мүмкін емес», – дейді министрлік өкілі.
Ал Энергетика министрлігі қуатты арттырып, тапшылықты жойып, халықты қажетті отын түрімен қамти алатын мерзімді 2030 жыл деп белгілеген. Сол үшін алдағы 5 жыл қатарынан сұйытылған газға шекті бағалар бекітіліп отыратынын мәлімдеді.