Мәзір
8 желтоқсан, 2024 / BuginMedia / Саясат

Ұшақ радардан жоғалып кетті: Башар Асад биліктен кетті

Сириядағы саяси күштердің арасындағы таққа таласудың соңы ақыры Башар Асадтың елден президенттік билікті тастай қашуымен аяқталды. Әзірге оның қайда екені белгісіз, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ұшақ радардан жоғалып кетті: Башар Асад биліктен кетті Ұшақ радардан жоғалып кетті: Башар Асад биліктен кетті
Фото: avapress.com

ulysmedia.kz жазуынша, сенімді ақпарат көздеріне сүйенген бірқатар БАҚ Башар Асадтың ұшақпен қашып шықпан болған сәтте қаза тапқан болуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Оның үстіне президенттік ұшақ ел аумағынан шықпай жатып радардан жоғалып кетті.

Ендігі жерде еркін сайлау өткенше ел билігінің тізгіні Үкімет басшысы Мұхаммед Джалалидің бақылауына берілмек. Бұл туралы көтерілісшілердің жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Джуланидің өзі мәлімдеді.

Ал Асад режиміне бір табан жақын Ресейдің сыртқы істер министрлігі Асадтың президенттік биліктен кеткенін мәлімдеді.

Осылайша, Сириядағы Башар Асад режимі құлады. Ал саясаттанушылар елдің ендігі тағдыры одан әрі ауыр болмас па екен деген нұсқаны айтып, алаңдай бастады. Себебі онда билікке ұмтылған саяси күштер аз болмай тұр.

“Әкелі-балалы Асад әулеті елді 1970 жылдан бері билепті. Ал Сирияда БААС партиясы 61 жыл дәурен сүріпті. Панарабизмнің, араб социализмінің қайнары саналған саяси күштер еді. Баасистік партияларды айтам. Ендігі мәселе Сириядағы күштер ымыраласа ала ма дегенге тірелетін сияқты. Радикалдар мен күрдтер, түрік прокислері тіл табыса қоярына сенім аз. Аймақтан Ресей толық ығыстырылды деуге болар”, дейді белгілі журналист, әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.

Асадтың елден кеткеніне қуанып жатқандар оппозициялық күштер ғана емес, қарапайым тұрғындар арасында да баршылық. Оны әлеуметтік желідегі видеолардан көруге болады. Асадтың жеке үйін басып кірген жұртшылық үйдегі азық-түлік, жеке заттары мен тұрмыстық заттарды тонап алып кетті. Тіпті резиденцияның бір шетіне от қойып та жіберді.

КЕРЕК ДЕРЕК

Башар Асад соғыс қимылдары күшейіп, Сирия территорияларын көтерілісшілер басып алғаннан кейін қиын жағдайға тап болды. Аймақтағы соңғы оқиғалар оның ықтимал қашуының алғышартына айналды.

Президенттің қаза тапқаны туралы ақпарат әлі ресми расталған жоқ.

Бұған дейін Хаят Тахрир аш-Шам (HTS) тобы бастаған көтерілісшілер Дамаскті басып алған болатын. Одан кейін Сирия үкіметінің басшысы Мұхаммед Ғази әл-Джалали Сирия халқы сайлаған кез келген басшымен ынтымақтасуға және билікті беруге дайын екенін білдірді.

Қарулы топтар қараша айының соңында Башар Асадтың үкімет күштеріне қарсы кең ауқымды шабуылды бастады. Бірнеше күннің ішінде олар Сирияның екінші ірі қаласы Алеппоға кіріп, Хама мен Дейр-эз-Зор қалаларын да бақылауға алды.

Апта талқысында: