Мәзір
16 қазан, 2024 / BuginMedia / Жаңалықтар

«Жылдам баюды үйретемін». Мәжіліс депутаты үкіметтен инфо бизнесті қадағалауды сұрады

Парламент мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлының премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың таралуы туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

"Жылдам баюды үйретемін". Мәжіліс депутаты үкіметтен инфо бизнесті қадағалауды сұрады "Жылдам баюды үйретемін". Мәжіліс депутаты үкіметтен инфо бизнесті қадағалауды сұрады
Фото: parlam.kz

"Қоғамды дүрліктірген маңызды мәселенің бірі – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде "бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін" деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып жатыр. "Аңқау елге арамза молда" демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде "инфосығандар" деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес", – деді мәжіліс депутаты.

Жарқынбек Амантайұлы "инфосығандардың" ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түскенін айтты.

"Қарияның бірауыз сөзі еліңді, кейуананың бір ауыз сөзі келінді тәрбиелеген ұлтымыздың отбасы құндылығын кім көрінген өзінше түсіндіріп, шаңырақтардың шырқын алды. Өз тағдырын түзей алмағандар өзгенің киелі табалдырығана төрелік айтып бағып жатыр. Ал олардың көпке ұсынып отырған сабақтары біздің ұлттық құндылықтарымызға, мемлекеттің "Неке және Отбасы туралы" заңына қаншалықты сай екендігін тексеріп, талдап жатқан ешкім де жоқ. Сөйте тұра кейбір деректерде еліміздегі осындай инфо бизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайтыны айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?!" – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Парламент мәжілісінің депутаты инфосығандардан мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылғы 23 қарашада петиция да жариялағанын, өкінішке қарай оның қараусыз қалғанын айта кетті.

Жарқынбек Амантайұлы үкіметтен мына мәселелерге назар аударуды сұрады:

Ең алдымен, инфо бизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет.
Екіншіден, "Онлайн Платформа және онлайн жарнама туралы" заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуге тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адамға жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды.
Үшіншіден, бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс.
Төртіншіден, халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет. 

Дереккөз: informburo.kz

Апта талқысында: