«Павлодар. Жұмыс іздеймін. 19 жастамын. Түнгі ауысымға», - деп жазды қыз.
Павлодар облысының әкімі оған қалалық қолдау қызметіне жүгінуге кеңес берді.
«109 қолдау қызметіне хабарласып көріңіз. Операторлар екі ауысыммен жұмыс істейді. Мекенжайы: Павлодар қаласы, Генерал Дюсенов көшесі, 80, 2-қабат, Азаматтарды қабылдау орталығы», - деп ұсынды Асайын Байханов.
Қыз әкімге алғысын білдіріп, облыс басшысының өзі жауап береді деп күтпегенін айтты.
«Уайымдама, жұмыс табылады», - деп жауап берді Байханов.
Әкім мен қыздың Threads желісіндегі жазысқаны әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды.
Кейін осы жазбаның БАҚ-та жариялануына орай әкім пікір білдірді.
«Әріптестер, кликбейтсіз жазайықшы! Ешкімді «құтқарған» жоқпын және бұл жерде қандай да бір ерекше оқиға болған жоқ. Қыз жұмысқа орналасу мәселесі бойынша сұрақ қойды. Мен оған қайда жүгінуге болатынын айттым. Негізінде, мемлекеттік жүйе дәл осылай жұмыс істеуі керек. Адам жүгінеді, өз құзыреті аясында жауап пен көмек алады. Ал «Әкім Threads желісінде 19 жастағы қызға жазды» деген тақырып, әрине, оқиғаның өзінен әлдеқайда әсерлі естіледі», - дейді әкім.